Құс етін тұтынарда сақ болыңыз! — Қытайдан заңсыз жеткізілген құс еті базарларда саудаланған

82
Фото: Отырар.кз

Шымкент базарларында Қытайдан заңсыз келген құс еті саудаланған. Көрші елден келген 40 тоннадан астам үйрек еті тәркіленді. Бұл тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттары жоқ. Мамандар бұл үйректердің қандай жерде өсіріліп, өнімнің қалай дайындалғаны белгісіз дейді.

Үйрек етін жейтін кезде абай болыңыз! Шымкентте Қытайдан заңсыз жеткізілген құс еті тәркіленді. 40 тоннадан астам үйрек етінің қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттары жоқ. Көріп тұрғандарыңыздай тауарға тіпті «халал» белгісі қойылған. Енді бұл өнім жойылып, сатушыға айыппұл салынбақ.

Ермахан Қонысбаев, ҚР АШМ ВБжҚК Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының бас маманы:
«Мына заттаңбада көргендей бұл тауар Қытайдан осында келген. Тауардың қалай келгені әлі белгісіз. Қазіргі таңда заңды түрде шара қолданылып жатыр. Өнімді алып оны жоямыз. Әкелген кісіге әкімшілік шара қолданып жатырмыз. Біздің ереже бойынша бұлардың бәрі сараптамадан өту керек. Шыққан жері таза аймақтан болу керек. Сондай жерден ғана әкелуге болады».

Ал бұл үйректердің қандай жерде өсіріліп, өнімнің қалай дайындалғаны белгісіз. Сондықтан да бұл тауарларды қолдану қауіпті дейді мамандар. Ал қалалық прокуратура Қытайдан заңсыз келген тауарлардың базарларда саудаланып келгенін айтты.

Қанат Дәрібай, Шымкент қалалық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:
«Шымкент қаласының прокуратурасы азық-түлік қауіпсіздігін сақтау бағытында тексерістер жүргізіп, көптеген заңбұзушылықты анықтады. Атап көрсеткенде, Көшеров көшесінің бойында 1200 кг. құс етінің заңсыз сатылу фактісін анықталып, олар жойылуға жолданды. Сонымен қатар, Жібек жолы көшесінде 40 мыңға жуық үйрек етін заңсыз сатып жатқандығы анықталды. Оларды алу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында ішкі сауда орындарында осындай заңсыз әкелінген Қытай құс еттері анықталуда».

Айта кетейік, елімізде 2012 жылдан бастап Қытай Халық Республикасынан құс еті және барлық түрдегі құс өнімдерін әкелуге тыйым салынған.