Шаһардағы Қазақстан-Түркия достығы саябағында «Shymkent — Talants show» іс-шарасы өтті. Қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шара қала тұрғындары мен жастардың жазғы мезгілдегі бос уақытын тиімді өткізу, шығармашылықтарын шыңдау, өнерге деген қызығушылықтарын арттыруды мақсат еткен.
Ашық аспан астында өткен кеште қала тұрғындары мен жастары музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен түрлі көңілді әндер шырқады. Көңілді кеште Еңбекші ауданының белсенді жастары қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлады. Еңбекші ауданының белсенді жасы, дәстүрлі әнші Сәрсенбек Баймұрат және басқа да жастар өз өнерлерін көрсетті.
Қуаныш Серікбай, Еңбекші ауданының жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы:
«Қала тұрғындары мен қонақтарының қатысуымен өтіп жатқан шарада біздің талантты жастарымыз аспаптың сүйемелдеуімен өздерінің қалауындағы әнді шырқайды. Яғни, бұл іс-шарада тек қана талантты жастар емес, кез келген қала тұрғыны өзінің еркіндегі әнді шырқай алады».
Сондай-ақ, іс-шарада кез келген қала тұрғыны өз өнерлерін паш етуге мүмкіндік алды.
Айта кетейік, алдағы уақытта қала тұрғындары мен жастардың жазғы мезгілдегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі іс-шаралар тізбегі өз жалғасын табады.