Шымкентте мектеп психологтарының саны артады

158
Фото: Отырар.кз

Шымкентте мектеп психологтары жетіспейді. Сол үшін арнайы психологиялық орталық ашылады. Бұл туралы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында білім басқармасының өкілдері айтты. Бұған себеп – кәмелетке толмағандар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің жиілеуі. 

Шымкентте жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасында 17 өз-өзіне қол жұмсау әрекеті тіркелсе оның 7 жағдайдың соңы қайғылы оқиғамен аяқталған. Оның алтауы – мектепте болса, біреуі колледж қабырғасында орыналған. Білім басқармасының өкілдері қайғылы жағдайға әртүрлі фактор себеп болуы мүмкін екенін айтады.

«Қазіргі таңда кәмелтеке толмағандардың арасында өзіне-өзі қол жұмсау мәселесі өте өзекті болып отыр. Қаламызда 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында 24 өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері тіркелген. Оның ішінде 7 суицид фактісі, 17 өз-өзіне қол жұмсау әрекеті. Оның 6- мектепте болған, біреуі колледжде», — дейді Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының м.у.а. Елдос Саметов.

Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері қайғылы жағдайдың алдын-алу және болдырмау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізу керек екенін алға тартты. Сондай-ақ, жиында білім ордаларында тек бір психологтың жұмыс істеуі жеткіліксіз екені айтылды. Нұргүл Қобланова мектеп психологтарының санын арттыру қажет деген ұсынысын білдірді.

«Мектепте психологтар санын көбейту. Аида Балаева келген кезде де осы мәселе көп көтерілді. Бұл әлі де актуалды тақырып деп ойлаймын. Мектептерде психологтар жетіспейді, санын көбейту керек», — деді Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұргүл Қобланова.

Елдос Саметов, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Қазір 700 балаға — 1 психолог норматив бойынша. Ол өте аз, қазір біз 500 балаға 1 психолог болу үшін 130 қосымша штат алып, кіргізіп отырмыз. Солай кішкене болса да санын көбейтіп жатырмыз. Одан кейін психологиялық орталық ашылды. Қаулысы қабылданды, ол жерде 60 әдістемелік орталық-60 психолог болады».

Шымкентте психологиялық орталық ашылады. Онда білікті мамандар мектеп психологтарының біліктілігін арттыру жұмыстарымен айналысады. Мектептерге шығып жұмыс істейді. Сондай-ақ, ата-аналармен тығыз байланысып, баламен дұрыс қарым-қатынас құруда көмек қолын созады.