Заңсыз сауда нүктелеріне енді шара көріледі

79
фото Отырар.кз

Өткен апта соңында заңсыз құрылыс базарлары қала сыртына көшуі керек еді. Алайда нәтиже жоқ. Мамандар тексеріс барысында бос жерлерде әлі де рұқсатсыз саудамен айналысқан 25 кәсіпкерді анықтады. Қазір түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.

Бұл құм, шағал тас сынды құрылыс заттарын сататын базар. Қала ішіндегі заңсыз сауда орындарын ауыстыру туралы ескерту осыдан 6 ай бұрын берілген. Дегенмен кәсіпкерлер енді көше бастағанын айтады.

«Біз енді жайлап көшеміз. Бізге көшу оңайға соқпайды. Заттарымыз жеңіл емес. Көріп отырғандай өте ауры. Біртіндеп қала сыртына көшеміз», — дейді кәсіпкер Марат Сапар.

Абай ауданы аумағында құрылыс заттарын сататын заңсыз нысандар көп. Оларға арнайы орындарға көшіру туралы ескерту айтылғанмен, нәтиже жоқ дейді жауаптылар.

«Бұлар заңсыз жұмыспен айналысуларын әлі тоқтатқан жоқ. Бұл жерде сауда орындары түседі. Үлкен нысан салыналы. Құрылыс заттарның бәрі дүкен ішінде сатылуы керек. Құм, шағал сатуға бұл жерге рұқсат берілген емес. Құжаттары рәсімделмеген, заңсыз», — дейді Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі Бұхарбай Парманов.

Аталған заттарды саудалауға арналған 5 орын жасақталды. Өткен апта соңында кәсіпкерлер толық сонда көшуі керек еді. Алайда бәрі бәз баяғыша тұр. Сондықтан мамандар шара көрілетінін айтады.

«Заңсыз саудамен айналысатындарға полиция департаменті тиісті баптарымен шара көру мүмкіндіктері бар. Және жер инспекциясының заңына сәйкес, жерді заңсыз иелену, жерді мақсатсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартады. Уақытылы көшпейтін болса, айыппұл арқалайды», — дейді Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев.

Тексеріс барысында мұнда 25 бизнес иесі бос жатқан жерлерді заңсыз пайдаланып отырғаны анықталған. Қазір оларға түсіндірме жұмысы жүргізіліп жатыр.