Шымкенттік театр әртістері «қираған» сахнада өнер көрсетіп жүр. Жұмат Шанин атындағы қалалық драма театрдың бүгінгі жағдайы мәз емес. Нысандағы сахна мен құрылғылар ескіріп, қауіпсіздік мәселесі де талапқа сай келмей тұр.
Шымкенттік театр қызметкерлері қауіпсіздік мәселесіне қатты алаңдайды. Өйткені Жұмат Шанин атындағы қалалық өнер ордасының жағдайы мәз емес. Нысандағы сахна мен құрылғылар тозығы жетіп, ескірген. Сондықтан мұндағы қызметкерлер қойылым кезінде жандарын шүберекке түйіп отыруға мәжбүр.
Сая Қасымбек, драматург: «Мына штангеттер өте қауіпті. Әртістер ойнап жатқанда біз уайымдап отырамыз. Масқара боп түсіп кетсе, адам өледі деген сөз ғой. Өте қауіпті. Біз «құдай сақтасын» деп жүре береміз. Бірақ, сақтау үшін де харекет ету керек қой».
Қалалық драма театрдың пайдалануға берілгеніне небәрі 10 жылдан енді асқан. Жауаптылар мекемені реконструкциядан өткізу үшін нысанды кем дегенде 25 жыл пайдалану керек дейді. Ал театр ұжымы тағы 15 жыл күтуге ғимараттың шыдас бермейтінін айтады. Сондай-ақ, олар өнер ордасына көрерменді тарту үшін заман талабына сай модернизациялау жұмыстарын жүргізу қажет дейді.
Арайлым Құрбанбекқызы, Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының директоры: «Сахнамыз күрделі модернизацияны қажет етіп тұр. Жоғарғы және төменгі маханизациямыз мүлдем стандарттарға сай емес. Және жарық беру, дыбыс беру комплекстері де заманауи техникалармен жабдықталмаған. Депутаттарға соны жеткіздік. Өздері сахнаға шығып, жағдайды көрді».
Бұл мәселені сенат депутаттары назарға алды. Шымкентке іс-сапармен келген сенатор Әлішер Сатвалдиев театрдың жағдайын өз көзімен көрді. Депутат бұл мәселені тиісті орындарда көтеріп, бір шешімін табуға болатынын айтты.
Әлішер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Театр ұжымының бізден сұрап отқаны, сол 10 жыл болған нысанға реконструкция жасауға заңдық тұрғыдан көмек көрсету мәселесі. Бұл жерде құрылыс қағидалары бойынша жаңадан құрылған нысандарға күрделі жөндеу жүргізілмейді. Бірақ бүгінгі таңда заңдарды «рамочный заң» дейміз. Тиісті орындар өзінің бұйрықтары немесе басқа да құжаттары арқылы шешу жолдарын қарастырса болады».
айта кетейік, бүл теарт негізі 100 жыл бұрын қаланған болуы мүмкін деп отыр. Себебі архивтерге сүйенсек, сол кезеңдерде мекеменің іс-шаралары өткен дейді өнер ордасының қызметкерлері. Алайда, мәдениет ошағының қашан жөндеу көретіні қазірше белгісіз болып отыр.