Базардағы өрт: Тауары күлге айналған саудагерлердің шығынын кім өтейді?

31

Базардағы өрттен зардап шеккен саудагерлер көмексіз қалмайды! Жеке кәсіпкерлік нысан иесі осылай деп уәде берді. Ал тауары күлге айналған кәсіпкерлер шығынды ойлап дал болып отыр. Саудагерлерге қандай көмек көрсетілмек? «Автонұр» базарының маңайындағы сауда орындарының бүгінгі жай-күйі қандай? 

«Автонұр» базарының маңайындағы өртке оранған сауда орындарының бүгінгі күйі осындай. Қазір бұл жерде күлге айналған тауарларды жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қоқысқа кетіп жатқан бұл заттар Арман Бейімбетке тиесілі еді. Азаматтың 6 жыл бойы сауда жасап келген дүкені дәл үйлену тойы болар күні өртке ораныпты. Кәсіпкер жалпы құны 130 млн. теңге болатын тауарым күлге айналды деп отыр. Енді шығынға батқан саудагер кімнен көмек сұрайтынын білмей дал.

Арман Бейімбет, кәсіпкер: «Өртенген дүкендердің ішіндегі үшеуі біздікі. Жалпы ең көп шығынға ұшырап отырған біз болып тұрмыз. Ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар, ұсақ-түйек, құрылыс заттарын сататын дүкен еді. Барлығы өртеніп, түкке жарамай қалды. Бұл жағдай тура өзімінің тойым болатын күні болды. Сондықтан дүкен жабық тұрды. Ештеңені сыртқа шығарып үлгермедік. Барлығы ішінде өртеніп кетті. Жалпы тауардың құны 130 млн. теңгені құрайды. Сауда орнын соғып береміз деп жатыр. Бірақ ішіндегі тауарларды кімнен сұрайтынымызды білмеймін. Дәлелдеп беру керек деп жатыр, чек сұрап жатыр. Оның барлығы ішінде өртеніп кетті»

Өртке оранған сауда орындары жеке кәсіпкерге тиесілі. Орынбасар Аманов зардап шеккен саудагерлерге барынша көмек көрсетілетінін айтып отыр. Оның сөзінше, жарамсыз күйге түскен орынға жаңа нысан салынып, кәсіпкерлер 1 жылдан астам уақыт бойы жалға алу құнын төлемейді.

Орынбасар Аманов, кәсіпкерлік нысандардың иесі: «Кәсіпкерлерімізбен ақылдасып, бір мәмілеге келіп, осының бәрін қайта қалпына келтіріп беремін. Және де жаңадан сауда орнын салып, дүкендерге жайғастырып беремін. 1 жылдан астам уақыт жалдау құнын төлемейді. Және де аяғына тұрып кетуі үшін қаржылай да көмектесеміз. Қанша материал, қанша тауар жанып кеткені анықталып жатыр. Содан кейін кәсіпкерлермен келісіп, ақылдасып жәрдем етеміз»

Ал бұл салаға жауаптылар кәсіпкерлердің өз тауарын сақтандырмағанын айтты. Саудагерлер мүлкін сақтандырған жағдайда шығынды кім өтейді деген сұрақ туындамас еді дейді мамандар.

Үсен Исаев, Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары: «Кез-келген кәсіпкер, базар иесі болсын бәріне біз ескерту жасап, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Тауарды сақтандыру керек екені барлығына ескертілген. Тоқсан сайын жиналыс өткіземіз. Алайда көбісі немқұрайлы қарап, сақтандыру жұмыстарын жүргізбеген. Егер тауар сақтандырылған болса, сақтандыру компаниясы толық шығынды өтеп беретін еді»

Еске сала кетейік, 9 тамыз күні «Автонұр» базарының маңайындағы 8 киім дүкені мен асхана өртке оранған еді. Қызыл жалын 500 шаршы метр аумақты алды. Бүгінде өрттің шығу себебі мен шығын көлемі анықталып жатыр.