Отырар ауданы, Көксарай ауылында жаңа нысанның ашылу салтанаты өтті. Ел қуанышын еселеген шараға аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейтжанов арнайы қатысып, игілікті іске бастамашы болып, қолдау көрсеткен азамат «Толағай» ЖШС-ң құрылтайшысы Оразхан Жанысбековке алғысын айтты.
«Толағай» спорт кешенінің жалпы ауданы 550 шаршы метрді құрайды. Кешенде бір мезетте 100 спортшының жаттығу жасауына жағдай жасалған. Құрылыс жұмыстары биыл жыл басында басталған. Нысанның жалпы құны — 297 миллион теңге. Кешеннің ашылу салтанатынан кейін қазақ күресінен 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында республикалық «Көксарай кубогы» ашық турнирі өтті. Жарысқа Түркістан облысының аудан қалаларынан бөлек, Шымкент қаласы мен Қызылорда, Жамбыл облыстарының спортшылары қатысып, өзара бақ сынады.