Мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына — 10 жыл. Айтулы датаны шымкенттік сала мамандары ауқымды түрде атап өтті. Жиында қала бюджетіне түсетін салық туралы да айтылды. Былтыр қазынаға 400 млрд. теңгеден астам қаржы түсіпті. Ал биыл қанша салық түсіру жоспарда бар? Мамандар жауап берді.
Жыл соңына дейін мегаполис қазынасына 500 млрд. теңгеден астам салық түсуі керек.
Соңғы жылдары салық төлеушілердің саны 2 есеге артқан дейді сала мамандары. Қазынаға түсетін қаражаттың көбеюі тегін медициналық қызметтердің көрсетілуіне, инфрақұрылымдардың жүргізілуіне, жалпы айтқанда шаһардың дамуына тікелей қатысты.
Сапарбек Ешанқұлов, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: «Жергілікті түсімдер 6 есеге өскен. 2018 жылы 72 млрд. тг болса, 2023 жылдың қорытындысымен 404 млрд. тг. Биыл оны 500 млрд. теңгеден асыру жоспарланып отыр. Кеден және салық кодекстері жаңадан әзірленуде. Оның негізгі мақсаты салық төлеушілерге деген жүктемелерді төмендету. Және де орта және шағын кәсіпкерлік нысандарына қосымша жәрдемақы беру. Көптеген өзгерістер мен жеңілдіктер алып келу»
Биыл мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 10 жыл толды. Шымкенттік салық және кеден қызметкерлері айтулы мерекені салтанатты түрде атап өтті. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, ел қазынасы үшін қызмет етіп жүрген мамандарды құттықтады.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Қала бюджеті 2018 жылмен салыстырғанда 5 есеге ұлғайып 764 млрд. теңгеге жетсе, жергілікті түсімдер көлемі 6 есеге артып, 4,4 млрд. теңгені құрап отыр. Біздің мақсатымыз қаланың экономикалық белсенділігін көтере отырып, республикалық бюджеттен тәуелділікті азайту. Қала қазынасына түсетін қаржының ұлғаюы халықтың әл-ауқатының жақсаруына және шаһардың қарқынды дамуына үлкен септігін тигізетіні өздеріңізге мәлім. Бұл бағытта біз бірлесе бар күш-жігерімізді сала отырып, тиісті жұмыстарды жүргіземіз. Тағы да бүгінгі мейрамдарыңызбен құттықтағым келіп отыр. Жұмыстарыңыз жемісті, берекелі болсын!»
Мерекелік жиында саладағы үздік қызметкерлерге «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» төсбелгісі табысталды. Ал, мегаполис басшысы мамандарды алғыс хатпен марапаттады.