«Жедел жәрдем кешіккен соң, әкемізден айырылып қалдық». Осылай деген Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков Денсаулық сақтау министріне сауал жолдады. Сөзінше, әкесі ауырып, жедел жәрдем қызметіне хабарласқан. Алайда медициналық бригада кешігіп жетемін дегенше әкесінің жағдайы нашарлап, бақилық болған.
Данабек Исабеков, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Шымкент қаласы жедел медициналық жәрдем станциясы ереже бойынша пациенттің жағдайы ІІ жедел санатта болғандықтан, 15 минутта жетуі тиіс еді. Бірақ кешіккеннен кейін тиісті жәрдем көрсете алмай, әкемізден айырылып қалдық. Әрине, Алланың ісі қарсы келе алмаймыз, дегенмен бұл бір ғана жағдай емес. Жедел жәрдем өз уақытында келетін болса, көп азаматтарымызды ажалдан арашалап қалуға көп мүмкіндігіміз болар еді. Ереженің осы нормалары көп жағдайда сақтала бермейді. Кейде жедел жәрдем 1 сағаттан аса уақытта келеді. Мұны қалай «жедел жәрдем» деп атауға болады».
Мәжіліс депутаты денсаулық сақтау министріне барлық жедел жәрдем жұмыстарына тексеру жүргізуді, мамандардың біліктілігін арттыруды ұсынды. Сонымен қатар бұл салаға жекеменшік секторды енгізіп, бәсекелестікті арттыру қажет екенін айтты.