Ломбардты тонамақ болған қаскөйді ұстаған студентке Айфон ұялы телефонын сыйға тартты

21

Қаладағы ломбардтардың бірінде оқыс жағдай орын алды. Бетперде киіп, қолына тапанша ұстаған күдікті нысанға кіріп, қызметкерлерді қорқытып, ақша талап еткен. Оқиға орнында болған 18 жасар студент полиция келгенше қаскөйді ұстап үлгерді.

Шымкентте 18 жастағы студент полиция келгенше қолына қару алған қаскөйді ұстады. Видеодан қаладағы ломбардтардың біріне бетіне маска киіп алған белгісіз адамның кіріп келгенін көруге болады. Күдікті қолындағы тапаншаға ұқсас затпен қызметкерлерді қорқытып, 100 000 теңге талап еткен. 2006 жылғы жас жігіт қылмыстың алдын алу мақсатында еш қорықпай күдіктіге бас салған.

Ұлықбек Ахметов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Сен шын айтып жатсың ба? Ойнап тұрған жоқсың ба?, — деп сұрадым, күліп. Мен үшін бұл «прикол» болды. Өйткені өмірімде бірінші рет осындай жағдай орын алды. Мен пранк деп ойладым. Бір кезде қатты айқайлаған соң, ойын емес екенін түсініп, қолымнан келгенше әрекет істедім. Мұндайды кинодан ғана көресің ғой . Шын өмірде мұндай жағдай болады деп ойламайсың ғой. Күтпеген жерден болды. Қорыққан жоқпын. Реакциямен тез-тез істедік қой»

Бүгінде ломбардты тонамақ болған азамат қамауда. Полиция күдіктінің де жасы 18-де екенін айтты. Ал оның қолындағы қару ойыншық болып шыққан.

Бағлан Исатаева, Шымкент қалалық ПД баспасөз хатшысы: «Қазіргі таңда полицияға көмек көрсету жағдайы аз емес. Соның ішінде азаматтар тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде ғана емес, қылмыскерлерді құрықтауға да атсалысуда. Бұл орайда біз ержүрек жігітке алғысымызды білдіреміз. Дегенмен де мұндай жағдайларда өзіңіз жарақат алып қалмас үшін полицияға жүгінуіңізді өтінеміз»

Полиция өз кезегінде студент жігітті танытқан ерлігі үшін арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Ал оқиға орын алған ломбард басшылығы жас жігітке айфон 15 маркалы смартфонды сыйға тартқан.