Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.
«Парасат» орденімен бірқатар белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, педагогтар, өндіріс саласының өкілдері марапатталды:
Олардың қатарында: Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды, Алматы қаласы «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрайымы З.Аманжолова, Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Арғымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры О.Байділда, «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Б.Есенәлиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Х.Қалиламбекова, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері К.Кемалов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры К.Матыжанов,«Мағжан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Ж.Сүлейменов, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Д.Темірсұлтанова бар», — делінген Ақорда хабарламасында.