Шымкент қаласы аумағында ірі өрт болды. Сәуле шағынауданында ангар үлгісіндегі кілем қоймасы өртенді. Тілсіз жау ғимараттың жартысын шарпып үлгерген. Сондай-ақ, қойманың 500 шаршы метр аумақтағы шатыры мен 30 шаршы метрлік қабырғасы өрт құрсауында қалған.
Абырой болғанда, қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің психологтары 4 адамға психологиялық көмек көрсетті.
Асқар Шәріп, Шымкент қаласы ТЖД ресми өкілі: «Әл-Фараби ауданы Сәуле мөлтек ауданы Зерде көшесі №51 мекенжайда орналасқан бір қабатты кілем қоймасы жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына күштер мен құралдар жоғары шақыртумен жолданды. Анықталғаны, жалпы көлемі 1500 шаршы метрді құрайтын ғимараттың 750 шаршы метрі жанған. Жалынның жоғары температурасы салдарынан ғимараттың 550 шаршы метр шатыры және 30 шаршы метр қабырғасы қираған. Өрт сағат 11:57-де оқшауланып, толығымен 12:52-де сөндірілді».
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр. Қызыл жалынды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамынан 78 қызметкер мен 21 техника және жергілікті атқарушы органнан 8 маманы мен 8 техника жұмылдырылды.