Мемлекет басшысының Шымкент қаласының дамуына қатысты тапсырмалары бүгінде жүйелі жүзеге асырылуда. Тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында да біршама жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қала тұрғындарының әкімдікке айтар басты өтініштерінің басқы тізімінде қоғамдық көлік мәселесі тұр.
Осы орайда Шымкент қалалық әкімдігі тарапынан тұрғындардың ұсынысын назарда ұстап, өтініштері қанағаттандырылуда. Жуырда ғана Шымкентте жолаушылардың өтініштері ескеріліп, №16, №108, №61, №171, №180, №191 маршруттарға қосымша 12 автобус қосылды. Бұл өз кезегінде автобустардың аралық интервалын азайтып, жолаушылардың қоғамдық көліктерді ұзақ күтпеуіне септігін тигізеді. Бүгінде қала аумағы ұлғайып, тұрғындар саны да артып, қоғамдық көлікке деген мұқтаждық арта түсуде. Осыған орай әкімдік тарапынан тұрғындардың тілегі қанағаттандырылуда.
Бұдан бөлек, №276 орамда жолаушылар ағынының артуына байланысты №16 автобус маршрутына қосымша 2 кесте қосылды. Қазіргі уақытта 10 автобус 15 минуттық жиілікпен қатынауда. Сондай-ақ, №108 бағыттағы 10 автобус Шымсити шағынауданынан Күншығыс шағынауданына (ХҚКО) дейін күнделікті жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсеткен. Шымсити шағынауданы тұрғындары өтініштерін ескере отырып, №108 автобус маршрутына қосымша 2 кесте қосылды. 12 автобустың жұмысы 15 минуттық жиілікпен қатынау ұйымдастырылды.
Ал, №61 автобус маршрутына Нұршуақ шағынауданында жолаушылар ағынының артуына байланысты 2 кесте қосылып, бүгінде 14 автобус 13 минуттық аралық жиілікпен жолаушыларды тасымалдауда. Ал №171 бағыт Бозарық шағынауданы – әскери комиссариат бағытында қатынауда. Бұрын бұл бағытта 10 автобус қызмет көрсетіп келген болса, енді жолаушылар ағынының артуына байланысты қосымша екі кесте енгізіліп, қазіргі таңда 12 автобус 12 минуттық жиілікпен жүреді.
Ал №180 бағытқа келер болсақ, Көкбұлақ тұрғын алабы мен Гүлжан аялдамасы арасында жолаушылар тасымалдауда. Алдын бұл бағытта 8 автобус қызмет көрсетіп келген болса, енді Көкбұлақ тұрғын алабында жолаушылар ағынының артуына байланысты қосымша екі кесте енгізіліп, қазіргі таңда 10 автобус 15 минуттық жиілікпен жүреді.
Бұдан бөлек, №191 бағыт бойынша яғни, Қарабастау тұрғын алабы мен Б.Момышұлы көшесі бағытында қатынайды. Аталған маршрут күніне 8 автобус жолаушыларды тасымалдаса, бүгінде Қарабастау тұрғын алабында жолаушылар ағынының артуына байланысты қосымша екі кесте енгізіліп, қазіргі таңда 10 автобус 15 минуттық жиілікпен жүруде.
Тұрғындар талап тілектерінің жерде қалмай, жүзеге асырылып жатқанына қуанулы. Заман талабына сай, жаңа, үлкен автобустардың шеткі аймақтардағы шағынаудандарға қатынауы да көптеген күрмеуі кертілмеген мәселелердің түйінін тарқатты. Әсіресе таңғы және кешкі уақыттарда жолаушылар ағыны мол кезде қоғамдық көліктердің дер уақытында қатынауы тұрғындар үшін қолайлы болып отыр. Қалалық әкімдік тұрғындар тарапынан түскен барлық өтініш басты назарда болатынын айтып отыр.