Келес ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ә.Кенжеев атындағы мәдениет үйінде 5 қазан — Мұғалімдер күні ерекше форматта атап өтілді. Ісшараға келген ауданның 500 мұғалімі қызыл кілеммен жүріп, үздік мұғалімдер шеруі ұйымдастырылды. Ісшараға қатысқан Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан ұстаздарына алғыс білдірді.
– Мұғалімдер күні шын мәнінде бүкіл халықтық мереке. Бұл мейрамның қоғам өмірінде алар орны ерекше. Әсіресе, мектеп қабырғасында болған барлық жанның жүрегінде бүгінгі күн мәңгіге сақталады. Шәкірттің сәулелі сәтін ғана емес, сонымен қатар жарқын болашағына жасайтын маңызды қадамын да ұстаз бағыттайды. Қадірлі ұстаздар, білім шаңырағындағы әр сағатыңыз қызықты сабақтармен, таңғажайып жаңалықтарымен ұштассын! Барлығыңызға мәлім бүгінгі күні ұстаз мәртебесін ата-аналардың алдында ауыз толтырып айта алмаймыз. Барлығымыз ұстаз мәртебесін көтеруде бірлесе жұмыс жасағанымыз дұрыс деп санаймын, — деді аудан басшы Жәнібек Есенұлы.
Ісшарада көп жылдық тәжірибесі бар ауданның үздік ұстаздары “Ы.Алтынсарин” төсбелгісімен, Түркістан облысы білім басқармасының, Келес ауданы білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мерекелік концертте ауданнан шыққан елімізге танымал Сержанәлі, НұрҚожа сынды әншілер ұстаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар “Camerata Shymkent” квартеті, Балалар Саз үйі мен Оқушылар үйінің тәрбиеленушілері, білім беру мекемелерінің ұстаздары, №5 жалпы білім беретін мектебінің музыка пәні мұғалімі Светлана Манап, О.Есімов атындағы жалпы білім беретін мектебінің хор ұжымы өнер көрсетті.
Айта кетейік, бүгінгі таңда, ұстаздың мәртебесін көтеру және материалдық жағдайын жасау республика деңгейінде көтеріліп, «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бір ғана мысал, әлемдегі ұстаздардың ең үлкен еңбек жалақысы – Германияда, сосын Жапония мен Францияда екен. Болашақта біз де осы деңгейге шыға аламыз деген сенімде болуымыз керек. Мемлекет басшысы осы мәселені 2019 жылғы конференцияда атап өткен болатын. Содан кейінгі 4 жылда ішінде педагогтардың жалақысы 2 есеге өсті.