Шымкент күн сайын көркейіп, әсем қалаға айналып келеді. Мегаполисті абаттандыру бойынша жоспарлы әрі жүйелі жұмыстар атқарылып, тұрғындар үшін жаңа демалыс орындары салынып жатыр.
Шаяхметов көшесінің бойында, 16 және 17 шағынаудан арасында орналасқан тағы бір гүлзар абаттандырылды. Айта кетейік, шағын әрі жайлы қоғамдық орын қолданыстағы аллеяның жалғасына айналды.
Демеуші өз қаражаты есебінен бос жатқан аумақты толығымен абаттандырып, қоршаумен қоршап берді. Сонымен қатар, мұнда қураған ағаштар алынып, тас төсеніш төселді және ерекше көрік беретін түрлі көшеттер мен гүлдер отырғызылды.
Бұдан бөлек, жоба аясында жаңа арықтар, суару жүйесі, заманауи жарықтандыру шамдары, шағын архитектуралық формалар, ыңғайлы тербелмелі орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.
Аллея енді көшелер мен шағынаудандар арасында байланыстырушы рөл атқарып қана қоймай, тұрғындардың демалып, әңгімелесуіне ыңғайлы әрі жайлы орынға айналмақ. Барлық абаттандыру жұмыстары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылғанын атап өткен жөн.