Шымкенттік дәрігерлер екпе салудың пайдасын түсіндіріп берді

41

Балаларға ерте жасында екпе салдыру не үшін қажет? Елімізде мектепке барғанға дейін салынуы керек бірнеше екпе түрі бар. Алайда соңғы уақытта ата-аналардың екпеден бас тарту жағдайлары кездесіп жатыр. Сол азаматтарға вакцинаның пайдасын түсіндіру үшін № 5 емхана қызметкерлері арнайы кездесу өткізді. Онда иммунолог дәрігер мен инфекциялық бөлім қызметкерлері және имамдар қатысып, өз білгенімен бөлісті.

Қала тұрғыны Мафтуна Сарманованың 4 баласы бар. Ол алғашқы 2 сәбиіне екпе салдырыпты. Кейін әлеуметтік желіден түрлі ақпаратты естіп, 6 жасқа дейінгі екпелерді салдырудан бас тартқан. Оның үстіне интернеттегі түрлі алып қашпа сөздерге сенген күйеуі де қарсы болған көрінеді.

Мафтуна Сарманова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз басында алып жүргенбіз. Әпкемнің ата-енесі екпе алғызбай қойған. Кейін баланың миы дамымайды екен деген сияқты ақпаратты естіп алмай қойдық. Бірақ басында алып жүрген болатынбыз».

Еңбекші ауданындағы №5 емхана қызметкерлері екпе салдыруға қарсы болған ата-аналардың басын қосып, түсіндіру жұмысын өткізді. Мамандардың айтуынша тұрғындар жалған ақпараттың жетегіне еріп, егуден бас тартқан. Шын мәнінде мұндай антиденелерді салу өте маңызды көрінеді. Балалар бөлімінің меңгерушісі Гүлжанат Ережепованың айтуынша екпе алмаудың салдары қазір білінбегенмен кейіндеу бәрібір әсері сезіледі екен.

Гүлжанат Ережепова, №5 Шымкент қалалық емханасы балалар бөлімінің меңгерушісі: «Соңғы уақытта екпеден бас тартушылар көбейіп кетті. Бұл деген ертең жұқпалы аурулардың көбейіп кетуіне алып келуі мүмкін. Бүгін сол екпенің маңыздылығын түсіндірмекшіміз. Мұнда инфекционист, иммунолог және имамдар шақырылды. Бірінші екпе перзентханадан басталады. Бұл балаларды жұқпалы аурулардан қорғаудың басты әдісі. Алғашында туберкулезге қарсы, сары ауруға қарсы вакциналар салынады».

Мемлекет басшысы ұлт денсаулығы басты орында тұруы қажет деген болатын. Бүгінде шымшаһарда денсаулық саласында осы бағытта жұмыстар атқарылуда.

Айта кетейік, елімізде бала туғаннан бастап, мектепке барғанға дейін 10-ға жуық екпе алады. Оның ішінде қызылша, қызамық, туберкулезге, сары ауруға қарсы екпелер бар. Мұның бәрі де баланың жасына қарай, денсаулығына әсер етпейтін етіп салынады. Ал мамандардың айтуынша бүгінгідей түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.