«Конкурсқа күдік көп»: Оқушысы кетіп, сағатсыз қалған ұстаздар жанайқайын жеткізді

37
фото ОТЫРАР

Шымкентте жаңадан ашылған жайлы мектеп ұстаздарға жайсыздық туғызып жатыр. №69 мектептің мыңнан аса оқушысы жаңа ғимаратқа көшіп, ондағы мұғалімдер сағатсыз қалдық дейді. Ал, оларды бір жыл бұрын басшылық «жайлы мектепке оқушыларыңмен бірге көшесіңдер» деп сендірген екен. Соңында жаңа жұмыс орнына конкурс арқылы барасыңдар деп мәлімдеген. Содан бері мазасы кеткен ұстаздар біліктілігімізге емес конкурсқа күдік көп дейді.

Жиналған бұл ұстаздар Шымкенттегі №69 мектепте жұмыс істейді. Білім ұясында 2500-ден аса шәкірт оқыса, оларға 200-ден аса мұғалім сабақ береді екен. Ал, келесі жылы мұнда 1200 оқушы ғана қалмақ. Қалғаны ауданда жаңадан ашылған жайлы мектепке ауысады. Қазірдің өзінде кейбірі сегіз сағатпен жұмыс істейтін ұстаздар бала саны азайып көк тиынсыз қаламыз ба деп алаңдаулы.

«Сегіз сағат дегеніңіз 100 мың теңге болады. Қалай күн көреміз 100 мың теңгеге. Ойлап көріңізші 1 қап ұныңыз, 1 майыңыз, азық түлікке жетпейді ғой бұл, Күндіз мектепте істесе, түнде тағы құрылыста жұмыс істейді. Таксилік қылады. Осылай күнін көріп жүр барлығы. Енді 60 пайыз оқушыны алады. 150 мұғалімді конкурс арқылы қабылдайды екен. Конкурс дегеніңіз бұл сыбайлас жемқорлық. Ақшасы бар өтеді ол жерден. Ақшасы жоқ бізге ұқсаған мұғалімдер қалай өтеді?», — дейді мектеп мұғалімі Досымхан Рсымбеков.

Бұған дейін басшылық ұстаздарды жайлы мектепке оқушыларымен қоса ауысады деп жұбатқан екен. Ол 57- бұйрықта да көрсетілген дейді көпшілік. Алайда, іс жүзіне келгенде бұйрық бір жақта қалып, жаңа мектепке мұғалімдер тек конкурспен қабылданатын болыпты.

«Жайлы мектептер осы уақытқа дейін екі мектеп ауысты да дәл осы 57 бұйрықты қамтыды. Енді келесі жайлы мектеп ашылады да ол жайлы мектеп ашылған кезде конкурс болады дейді. Ал, білім басқармасы біздің алдында тізімді алып алған. Оқушылар ауысқан кезде мұғалімдердің ауысатын тізіміні алып алған. Ол қайда қалды?»,- дейді мектеп мұғалімі Айғаным Егеубаева.

Шымкенттің білім басқармасы болса №69 мектептің аттестациядан өтпегенін айтады. Ұстаздар конкурсқа күдікпен қараса, жауаптылар олардың біліміне күмәнмен қарайды. Сондықтан жайлы мектепте тек іріктеуден өткендер қабылдатанынын мәлімдеді.

«Қараша айында ашылған екі жайлы мектебіміз басқа мектептен ауысу тәртібімен келген педагогтар сапа жөнінде төменгі көрсеткіш көрсетіп отыр. Себебі Қазақстан ішінде 20 облыс болатын болса, біз 20 орында тұрмыз. Себебі басқа мектептен ауысып келген мұғалімдер ең төменгі санатты мұғалімдерді жіберіп отыр. Бүгінгі таңда лецензия алмау қауіпі бар», — дейді Шымкент қаласы білім басқармасының өкілі Әсет Шорахмет.

Сондықтан жайлы мектептерге ұстаздар бұдан былай тек конкурс арқылы қабылданбақ. Ал, шәкіртсіз қалған мұғалімдердің жағдайы не болады? Және олар конкурстан қалай өтеді? Бұл жағы азірше белгісіз.