Шымкентке 387 мыңнан астам турист келген

21
фото ШӨКҚ

Шымкент қаласына келуші туристер саны жыл санап артып келеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен. Мамандардың айтуынша, бұл – қаладағы туризмді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Шымкентке келген туристер саны айтарлықтай артқан. Былтыр келушілер саны 340 мыңнан асса, биыл бұл көрсеткіш 387 мыңнан жоғары болған. Мамандар көрсеткіштің өсуі туризм саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың арқасы дейді.

Бексұлтан Әділханов, Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы: «Заманауи қонақ үй туризмнің дамуына айрықша серпін беретіні анық. Бізде 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда 7 қонақ үй іске қосылды. 4 қонақ үй ендігі жылдың 1 тоқсанында іске қосылады деп жоспарлап отырмыз»

Сонымен қатар, қаланың туризм саласын дамыту бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылған. Олардың қатарында қытайда өткен гастрономиялық жәрмеңкелер мен «дәм-дәстүр» фестивалі бар. Осындай ірі шараларды өткізуге мемлекеттен 106 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Дегенмен, сала мамандары бұл қаражатты толықтай бюджетке қайтарып, демеушілер есебінен жүзеге асырғандарын айтты.

Бексұлтан Әділханов, Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы: «2024 жылы Қытай қалаларындағы жәрмеңкелерге мемлекеттен 32 млн теңге қаржы бөлінген. Біз бұны мемлекетке кері қайтарып, демеушілер есебінен, Қытайдың Үрімші қаласында «Жеті Тандыр» мейрамханасының қолдауымен Шымкент қаласының гастрономиялық фестивалін өткіздік. Бұл фестивальге 3 мыңнан аса адам қатысты»

Айта кету керек, мегаполистің туризм саласын дамыту бағытында «контент мейкерлердің» клубы құрылған. Жыл басынан бері Шымкенттік дарынды жастар әлеуметтік желілерде 180 бейнежазба жариялапты. Ал қаралым саны 2 млнға жуықтаған. Сала басшыларының айтуынша, шаһардың әсем жерлерін насихаттау туризмді дамытуға айтарлықтай үлес қосқан.