Шымкентте көшеде іш киіммен жарнамаға түскен қыз 5 тәулікке қамауға алынды

34
фото egemen.kz
Оған қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін және ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік айып тағылған. Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Е.-ге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 434-бабының 1-бөлігімен (қоғамдық орындарда айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекеттер ) әкімшілік іс қаралды.
 
Е. 2024 жылдың қараша айында Шымкент қаласындағы Әл-Фараби алаңында орналасқан «Shymkent Plaza» сауда үйінің алдында, жартылай жалаңаш күйде іш киіммен жарнамаға түскен. Сотта Е. өзінің кінәсін мойындап, өкінетінін, соттан қатаң жаза қолданбауын сұрады.
ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, төңiрегiндегiлердi сыйламаушылықты бiлдiретiн басқа да осындай iс-әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Е.-нің әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, түсініктемесі және іске тіркелген бейнежазбамен бектілген.
Сот, Е.-нің әрекетінде құқық бұзушылық жасаған фактісі өз дәлелін тапты деген тұжырымға келді. Сонымен қатар Е.-нің өз әрекетінің құқыққа қарсы сипатын сезініп, саналы түрде жол бергендіктен әкімшілік құқық бұзушылықтарды қасақана жасаған деп танып, оған 5 (бес) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындады.
Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.