Шымкент қаласында кәсіпкерлер сыртқы жарнама үшін салықтың күрт өскеніне наразы. Олардың айтуынша, төлемдер алдын ала ескертусіз және түсініксіз есептелген. Ал жауапты мекемелер барлық жұмыс қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жүргізілгенін алға тартады. Даулы мәселе әлі шешілмей тұр. Кәсіпкерлер төлем уақытында жасалмаса, есепшоттарымыз бұғатталып қалуы мүмкін деп қауіптенеді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, төлемдер бұрынғы кезең үшін есептелген. Қараша айына қатысты сомалар тек қаңтардың басында ғана хабарланған. Соған қарамастан, өсімпұл бірден қосылған. Ал заң бойынша өсімпұл ресми ескерту жасалып, төлем мерзімі өтіп кеткен жағдайда ғана есептелуі тиіс. Бизнес өкілдері есептеулерді алдын ала келісу мүмкіндігі берілмеді әрі заңбұзушылықты дер кезінде түзету құқығынан айырылдық деп отыр.
ЕКАТЕРИНА КУЗНЕЦОВА, КӘСІПКЕР: «Есеп-қисап мүлде көрсетілген жоқ. Сондықтан барлығы шамамен есептелген деп ойлаймыз. Бізге ешқандай ресми хабарлама берілген жоқ. Ал заң бойынша бізде құжаттармен танысып, үш күн ішінде шешім қабылдауға құқығымыз бар: төлеуге дайын болсақ – төлейміз, келіспесек – жарнаманы алып тастаймыз».
Кәсіпкерлер қауымдастығының мәліметінше, бұл жағдай 30-дан астам бизнес иесіне әсер етті. Олардың кейбірі жарнама нысандарын алып тастауға мәжбүр болған. Ал есептелген сомалар нақты орналастырылған жарнама көлемімен сәйкес келмейді. Жауаптылардан мардымды жауап ала алмадым дейді.
АЙЖАН ТАУЫШОВА, КӘСІПКЕР: «Енді ары қара проктарураға арыз жазамыз. Мұнда кемі 50-ден аса адамдар жүр. Әрқайсысына кемі 60 мың айыппұл салған, бүгін жиналыс жасадық. Ол жерге «Атаменкеннен», прократура және архитехтура адамдары келді мардымды жауап ала алмадық».
Салық уақытында төленбесе, кәсіпкерлердің есепшоттары бұғатталуы мүмкін. Ал қалалық сәулет басқармасындағылар сыртқы жарнама үшін төлем ай сайын алынатынын түсіндіреді. Ол кәсіпкердің өзі берген мәліметке немесе мониторинг барысында жарнаманың бар екені анықталған жағдайда есептеледі. Жиналған ақпарат әр айдың 15-і күні мемлекеттік кірістер органдарына жолданады. Есептеу бекітілген тарифтік кестеге сәйкес жүргізіледі.
НҰРҒАЛИ БӨРІБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ ЖАРНАМА БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Бұл айыппұл емес салық. Салық Кодексінде көрсетілген бәрі заңға сай. Кодексте көрсетілген 2-ге дейінгісі бір бөлек 5-ке дейінгісі бір бөлек жолданып отырады».
Сәулет басқармасындағылар жарнама мен маңдайшаның ара-жігін де нақтылады. Заңға сәйкес, белгілі бір аудиторияның назарын аударуға бағытталған кез келген бейне – жарнама саналады және салық салынады. Ал маңдайша тек ақпараттық сипатқа ие. Сонымен бірге, барлық жайт толық анықталғанға дейін кәсіпкерлердің есепшоттарын уақытша бұғаттамауға уәде берілді.
Бота Әнуар






