Үш күндік демалыс алып, денсаулығыңызды тексертіңіз

фото Отырар.кз

Жұмысыңыздан демалыс алып, денсаулығыңызды тексертіп алыңыз. Жұмыс беруші сізге 3 күндік демалыс беруге міндетті. Және бұл үшін сіздің жалақыңыздан ұстап қала алмайды.

Жұмыс берушіңіз сізге 3 күндік демалыс беруге міндетті. «Демалыс аламын деп, жалақыдан қағылып қалмаймын ба?» деп қорықпаңыз. Себебі, бұл заңда көрсетілген — денсаулығыңызды тексеріп алуға арналған демалыс. Және мұның еңбек демалысына еш қатысы жоқ. Яғни, скринингтен өту үшін, ойланбай 3 күнге жұмыстан сұрануға құқыңыз бар»

Бұл әлеуметтік демалыс жұмысшыға жылына бір рет беріледі. Және ол үш жұмыс күнінен аспауға тиіс. Ескеретін жайт, демалысқа шығар алдын, жұмыс берушіге скринингтен өтуге шақырған хабарламаны көрсетуіңіз керек.

Венера Нұрғалиқызы, заңгер: «Заң бойынша, Еңбек кодексінің 87 бабында нақты көрсетілген скринингке арнайы 3 күн демалыс беріледі деп. Және ол демалыста жұмыскердің орны сақтала отырып, орташа жалақысы да сақтала отырып, сол жалақыдан ақы төленеді. Бірақ, скринингтен өту туралы хабарлама келген кезде оны жұмыс берушіге міндетті түрде көрсетуіңіз керек»

Денсаулыққа көңіл бөлуге берілетін үш күндік демалыс жайлы Шымкенттіктер біле ме екен? Қала тұрғындарынан сұрап көрдік.

«Жоқ, білмеймін»
«Жоқ хабарым жоқ. Жұмыс істемейтін болған соң, білмейді екем ондайды»
«Ия білемін, үш күндік скринингке бізде жұмыстан босатады»,— деді тұрғындар.

Скрининг-бұл аты жаман ауруды ерте сатысында анықтау мақсатында жүргізілетін тексеру. Ал бұл профилактикалық шарадан кім және қашан өтуі керектігін дәрігерлер айтып берді.

Дәулетбек Жұмағали, Шымкент қалалық онкологиялық орталық директорының орынбасары: «Сүт безі обыры 40-70 жас арасындағылар әр 2 жылда өтеді. Жатыр мойны обыры 30-70 жас арасындағылар әр 4 жыл сайын, Тоқ ішек обыры 50-70 жас арасындағылар әр 2 жылда өткені абзал. Скринингтік тексеру тек онкологиялық аурулар ғана емес. Қант диабеті сияқты басқа да созылмалы аурулардың бәріне скрининг жүргізіледі»

Жоғарыда айтылған топтарға жатсаңыз және осы тексерулерден өтпеген болсаңыз, жұмыс берушіңізге әлеуметтік демалыс алуға өтініш жазыңыз.

Айта кетейік, скринингтен өткен соң, зерттеулерді растайтын құжаттарды жұмыс берушіге көрсетпесеңіз де болады. Яғни ол, заңмен міндеттелмеген. Демек ол құжатты көрсету немесе көрсетпеу өз еркіңізде. Дегенмен, денсаулық ең әуелі өзімізге керектігін ұмытпайық.