Жаңа жылдық шараларға ата-анадан ақша жинауға тыйым салынады! 

31

Мектепте өтетін жаңа жылдық шараларға оқушылардан ақша жинау заңсыз. Мұны Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев алдағы болатын аталмыш мерекелік шараларға байланысты ескертіп айтты. Ал Шымкентте жауаптылар бұйрықты жаңғыртып, білім беру ұйымдарына тағы хат-хабар жолдауда екен. Одан бөлек өздері құлшынып, оқушыларға жаңа жылдық іс-шара ұйымдастырғысы келетін ата-аналарға да уәкілдердің айтары бар. 

Шымкент мектептерінде жаңа жылға арналған шаралар ұлттық құндылыққа сай, даңғазасыз өткізілмек болып жоспаралануда. Ол шаралардың өтуіне оқушылар, яғни ата-аналар тарапынан өздігінен де, ырықсыз да ақша жинап беруге болмайды. Жауаптылар бұл туралы бұйрық шығарып, қаладағы түгел дерлік білім беру ұйымдарына жолдауға кірісіп кетіпті. Мұнда тағы бір мәселе бар екен.

«Балаларымыздың қуанышы ғой» деп, кейбір ата-аналар ақша шығаруды ұйымдастырады. Әртүрлі отбасы жағдайына байланысты бірі бере алса, бірі тамағынан жырып әрең беріп жатады. Ал көптен қалып кеткендер, шарасыз тасада қалады. Бұл этикалық теңсіздікті тудырып, арты қиын жағдайға ұласуы мүмкін. Осылай деген салаға жауапты маман, ата-аналар қауымына үндеу жолдайды.

Әшірбек Адиев, Шымкент қаласының білім басқармасы тәрбие және қосымша білім бөлімінің басшысы: «Сіздерден сұранатыным, құрметті ата-аналар, әрбір баланың қуанышы отбасында болған дұрыс деп ойлаймыз. Сондықтан басқа да балалардың құқығын таптамай өз отбасыларыңызға сол сыйлықтарыңызды берсеңіздер деген сіздердің телеарналарыңыз арқылы үндеу жолдағым келеді».

Біз бұл мәселеге қатысты шымкенттік ата-аналардың пікірін білдік. Олар мектептерде жаңа жыл және басқа да шараларға байланысты ақша жинау мәселесі әлі бар дейді. Басым бөлігі мұны бұрыс деп санайды. Және заңсыздық доғарылса екен деген тілек білдіреді.

«Мектептегілер өмірі ата-анасынан ақша сұрап жүреді. Мысалы, келінім, сіңлімнің кішкентай балалары бар. Өмірі ата-аналарынан, ата-әжесінен сұрап жүреді ақша. Дұрыс емес қой ол».

«Жоқ дұрыс емес. — Көбі бере алмайды деп ойлайсыз ғой иә? Иә, неше түрлі жанұя бар ғой. Жағдайы бар отбасы, жағдайы жоқ отбасы».

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім ошақтарында тек жаңа жыл емес, қандай шаралар болса да мүлдем қаражат жиналмауы керек екенінін айтты. Бұған министрліктің бұйрығымен тиым салынған. Және оның айтуынша, кез келген іс-шараны ақшасыз өткізуге болады.

Ғани Бейсембаев, Оқу-ағарту министрі: «Қазір барлық шаралар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жоспарланған. Кез келген іс-шара өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталуы керек. Егер жеке ұйымдарда әлі де ақша жинау фактілері байқалса, бізге хабарлауларыңызға болады, біз тиісті шараларды қабылдаймыз».

Жаңа жылдық шаралар желтоқсанның жартысынан ауған соң білім ошақтарында өткізіле басталады.