Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы, талап қоюшы Микроқаржылық ұйымның жауапкер Б.-ға қарыз ақша өндіру туралы азаматтық істі апелляциялық тәртіпте қарады.
Тараптар арасында 2023 жылы микроқаржылық заем беру туралы келісімшарт жасалған және жауапкерге 9 000 000 теңге заем берілген. Жауапкер кестеге сәйкес қарызды қайтаруға міндетті болған. Алайда, жауапкер осы міндеттемені тиісті түрде орындамаған. Нәтижесінде, онда берешек пайда болған. Аталған жағдай, Микроқаржылық ұйымның жауапкер Б.-дан 25 млн. теңгеге жуық қарыз берешекті өндіру туралы талап қоюды беруіне негіз болған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен, талап қою қанағаттандырылған. Жауапкер Б.-дан талап қоюшы Микроқаржылық ұйымның пайдасына 24 603 360 теңге қарызы және 738 101 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Апелляциялық сатыдағы сотта, тараптар татуласып, жауапкер Б. талап қоюмен толығымен келіскен, сол себепті, тараптар араларындағы дауды өздеріне ыңғайлы шарттар негізінде медиация тәртібімен реттеу және азаматтық істі өндірістен тоқтату туралы өтінішхатпен жүгінген. Яғни, жауапкер ай сайын 1 млн. теңгеден, соңғы айда 13 млн. теңгеге жуық ақшаны ай сайын төлеуге міндеттенді, ал талап қоюшы талап қоюдан бас тартты.
Алқа, 25 млн. теңге көлемдегі дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітті. Талап қоюшыға мемлекеттік бюджеттен алдын төленген 738 101 теңге мемлекеттік баж салығы қайтарылған. Сот ұйғарымы заңды күшіне енген.