Құрылыс сапасына қатысты қойылатын талаптарды елемеген мердігерлер әкімшілік жазаға тартылды. Олар көпқабатты тұрғын үйлерді салу барысында құрылыс нормаларын бұзған. Бұл деректі мәлімдеген жауапты басқарма өкілдері, тіпті баспананың сапасына қатысты арыз-шағымның қай аудандардан көбірек түскенін де айтып берді.
Құрылыс жұмыстарын талапқа сай жүргізбеген мердігерлерге 176 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл, өткен 2024 жылғы көрсеткіш. Ақпаратты жариялаған жауапты басқарма мамандары, бүгінде ол миллиондар түгелдей өндірілгенін де айтты. Сонымен қатар, баспананың сапасына қатысты сын айтып, жиі арызданатын тұрғындар туралы да сөз қозғады.
Олжас Тәжібаев, Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы: «10 айдың қорытындысы бойынша көптеген арыз-шағым түскен. Бұрын салынып кеткен Тұран-2, Нұрсәт аудандарында. Арыз-шағымдардың бәрін қарау барысында көбіне кепілдікке байланысты екені анықталды»
Бүгінде басқарма есебінде 10 382 пәтер бар. Былтыр көпқабатты тұрғын үйлерден 368 кемшілік анықталыпты. Бүгінде олқылықтардың басым бөлігі мердігер мекемелер тарапынан реттелген дейді жауаптылар. Ал, қалған ақаулар бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.
Олжас Тәжібаев, Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы: «Қолданысқа берілген үйлерде КСК жоқ. Тұрақты жұмыс жасайтын КСК жоқ. Күтіп ұстау жұмыстарын атқаратын. Оны мердігер істеуі міндетті. Біз оны міндеттеп жасатқызамыз»
Айта кетсек, өткен жылы Шымкентте 92 тұрғын үй салынған. Оның 55-і пайдалануға берілген. Бұл шамамен 162 мың шаршы метрді құрайды.