Түркістан облысында білім бөлімінің қызметкерлері 12 млрд. теңге қаржы жымқырған

24
фото Отырар.кз

Түркістан облысында 8 ауданның білім бөлімі қызметкерлері 12 млрд. теңге көлемінде қаржы жымқырған. Прокуратура мен экономикалық тергеп тексеру департаменті аса ірі көлемде қаржы ұрлаған 165 адамға қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істерді сотқа өткізді. Қазір алты ауданның білім саласы қызметкерлеріне қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Түркістан облысында 8 ауданның білім бөлімі қызметкерлері 12 млрд. теңге көлемінде қаржы жымқырған. Мәселен, Жетісай мен Шардара ауданының білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сот қылмыс санатының ауырлығы мен айыпталушылар санының көптігіне байланысты алқа билердің қатысуымен өтуде. Жетісай ауданы бойынша айыпталушылар саны 46 адам болғандықтан, сот отырысы тіпті спорт залына ауыстырылған. Тергеу барысында бұл ауданда 4 млрд теңгеден аса қаржы ұрланғаны анықталған.

Нұрғали Бейімбетов, Түркістан облыстық прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары: «Білім саласындағы жымқыру фактілеріне негізінен сол білім бөлімдерінің басшылары, бас есепшілері, есепшілер және де экономистер кейбір істер бойынша жауапкершілікке тартылған. Жалпы осы 8 іс бойынша 140-тан астам адам күдікті ретінде танылып, қазіргі таңда соттың тергеуінде«.

Шардара ауданы бойынша қылмыстық іс 730 томнан асты. 14 адам айыпталушы деп танылған. Ал Мақтаарал ауданында 44 адамға айып тағылса, Келес ауданында 24, Сарыағаш пен Созақ аудандарында 15 адамнан жауап алынған. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, барлығында қызметкерлер мектептегі үнемделген ақшаны бас пайдаларына жаратқан.

Олжас Мүсілім, Түркістан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының орынбасары: «Бухгалтер болып қызмет атқарып жүріп, сол мектеп саласында жұмыс істейтін мұғалімдердің тұсына өздерінің таныстарын, жақындарының ЖСН мен карточкалық счетын жазу арқылы ақшаны аударып отырған. Соны өздері қолма қол шешіп отырған«.

Бүгінде айыпталушыларға күзетпен ұстау және үй қамаққа алынған. Бұл қаржыларға алынған дүние мүліктерге тыйым салынып, мемлекеттің қаражаты ішінара қайтарылып жатыр.

Ақбұлан Салыбекұлы, Түркістан облыстық прокуратурасының басқарма бастығы: «12 млрд теңге жымқырылған болса, соның тергеп тексеру барысында 1,4 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды. Күдіктілерге тиесілі 2,6 млрд теңгені құрайтын мүлікке тыйым салынды«.

Ал Бәйдібек ауданында 18 күдіктіге қатысты қылмыстық іс аяқталды. Қазір күдіктілер айыптау актісімен танысып жатыр. Барлық айыпталушыға тағылған бап бойынша қылмыстары дәлелденсе жеті жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.