Енді Шымкентте жастарға арендалық негізде баспана берілмейді. Мұны жауапты басқарма басшысы мәлімдеді. Соңғы пәтерлер биыл ақпан, наурыз айларында үлестіріледі. Осылайша талай жастың уақытша паналы болуына септігі тиген бағдарлама тоқтайды.
Азат Исламов, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы: «Қазіргі таңда 2024 жылдың қараша айында құжаттарды қабылдау өткізілді. Солардың баллдарын санау жұмыстары жүріп жатыр. Оның ақпараты ақпан айында шығарылады. Бұдан кейін бұл бағдарлама жүзеге асырылмайтын болады. Яғни, биыл 900 пәтер береміз деп жоспарлап отырмыз. Олар ақпан айының соңы, наурыз айының басында беріледі»
Еске сала кетсек, 2019 жылы уақытша баспанаға ие болған шымкенттік жастар келісімшартқа сәйкес биыл үйлерін босатуы қажет. Алайда олар бұл жылдар ішінде баспана алуға қажетті қаражатты жинай алмағандарын айтады. Олардың жағдайы енді қалай болатыны әлі белгісіз.