Үшінші мегаполисте бокстан жасөспірім қыздар арасындағы ел чемпионаты өз шымылдығын түрді. Республиканың түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар жүлделі орындар үшін бақ сынады.
Шымкентте бокстан Қазақстан Республикасы чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Додада 12-13 жастағы қыздар бақ сынады. Соның бірі — Сабина Кәрім. Түркістан облысының намысын қорғаған жас спортшы алғашқы жекпе-жегінде қарсыласын тізе бүктірді.
Сабина Кәрім, спортшы: «9 күндей дайындалдық. Өзім 1 жарым жыл қатыстым. Бұндай болады деп ойламадым. Өзім де қатты қуанып тұрмын»
Жарысқа Қазақстанның барлық аймағынан 200-ден астам спортшы қатысып жатыр. Олар 15 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар бүгінгі чемпионаттың маңыздылығын атап өтіп, жасөспірім боксшылардың болашағынан үлкен үміт күтетінін жеткізді.
Қанат Орақбаев, Шымкент қаласы кәсіпқой бокс түрлері клубының директоры:
«Қазір әр өңірде қыздардың боксы қарқынды дамып жатыр. Біздің Шымкентте де. Бізден 15 қатысушы қатысып жатыр. Жалпы бізде үлкен қыздардың арасында Азия, Әлем чемпиондары бар. Енді бұл резерв қой. Осы қыздардан үлкен үміт күтеміз. Алдағы 4 жылдық, 8 жылдықта олимпиадаларға қатысып, Қазақстанның, Шымкенттің намысын қорғайтын қыздарды шығарамыз»
Чемпионат 4 күнге созылады. Жеңімпаз атанған боксшылар ұлттық құрама сапына еніп, алдағы халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.