Жетісайлық шаруалар қыста қырыққабат егуді бастады

25
фото ЖАӘБҚ
Жетісай ауданында дихандар ақпан айының басында қырыққабат егіп жатыр. Егістігіне ерте көшет отырғызуды бастағандардың бірі Руслан Құдайқұлов.
Жалпы иелігінде 30 гектар егістік жері бар Жетісай ауданы Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалығы биылғы жылы 15 гектарға орамжапырақтың ерте пісетін «Зарисма» және «Валикор» сорттарының 525 мың түп көшетін егуді бастады. Өткен жылы да дәл осы екі сорттан ойдағыдай өнім алған іріленген қожалық қалған 15 гектар алқапқа болгар бұрышы мен қарбыз егуді жоспарлап отыр. 10 жылдан бері ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісін қолданып келе жатқан азамат биылғы өнімнің де жақсы болатынына сенімді.
– Ес білгелі отбасымызбен диханшылықпен айналысамыз. Негізгі күн көрісіміз де осы. Мұнда қазір 20 адам жұмыс істеп жатыр, жұмысшыларға күніне 5000 теңгеден еңбекақысын төлеп отырмыз. Құдай қаласа наурыз айында ортасындағы ашық жерге қарбыз, болгар бұрышын егіп, ойдағыдай өнім аламыз деп ниеттеніп отырмыз. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек, – дейді шаруашылық төрағасы Руслан Құдайқұлов.
Ерте көктемнен бастап қырыққабат егуге, сонан соң қауын-қарбыз егуге, жинауға қатысатын ауыл азаматтары күзгі мақта терімнен де қалыс қалмайтындықтарын айтады. Бір жылдың 11 айында егістік алқаптарда жұмыс істеп, қыстың 1 айында ғана бос болатынын айтқан Ширинкүл Машрапова бір отбасыдан 4-5 адам жұмысқа ерінбей шықса тәп-тәуір табыс табуға болатынын алға тартады.
Айта кетейік, өткен жылы ауданның ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған 79,3 мың га егістіктің 40,8 мың гектарына мақта, 19,7 мың гектардан астам бақша, 6,6 мың га мал азықтық дақылдары мен 3,4 мың га көкөніс егілген. Аталған дақылдардан 110 мың тонна мақта, 549 мың тонна бақша, 88,8 мың тонна көкөніс, 46,1 мың тонна дәнді және бұршақты дақылдар, 67,7 мың тонна мал азықтық дақылдар алынған.
Өткен жылы аудан шаруаларының 1296,9 га жерге еккен қырыққабатынан 38 907 тонна өнім алынып, еліміздің өзге өңірлері мен Ресей мемлекетіне экспортталған. Биылғы жылы 1356 гектар жерге ерте пісетін қырыққабат дақылы егіледі деп жоспарлануда.