Жыл сайын 5000-ға жуық сәби жүрек ауруымен туылады

22
фото Отырар.кз

Жүрек ауруы – бұл бүгінде нәрестелер арасында жиі кездесетін сырқаттардың бірі. Ерте диагностика мен дұрыс ем сәбидің өмірін сақтап қалуы мүмкін. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы №2 емханада елордалық білікті дәрігерлер жүрек ақауы бар балалар үшін тегін қабылдау өткізіп, жергілікті мамандармен бірге науқастарға кеңес берді.

Елімізде жыл сайын 5000-ға жуық сәби жүрек ақауымен дүниеге келеді. Мұны Ұлттық ғылыми орталықтың мамандары мәлімдеді. Бүгін Астанадан келген дәрігерлер Шымкенттегі №2 емхана ғимаратында осындай бөбектер үшін тегін қабылдау өткізді.

Тегін кеңес алуға келгендердің бірі Рахила Тұрғынбаева. Оның баласына былтыр қыркүйек айында ота жасалған. Елордалық дәрігерлер бүгін сәбиді тексеріп, жағдайының жақсы екенін айтыпты.

Рахила Тұрғынбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жүрек тамыры мен өкпе тамыры екеуі айқасып қалған диагноз еді. Балам 2 жасына келгенде талып қалды. Жүреді, ойнайды, талып қала береді. Астанадағы дәрігерлерге хабарластық. Анализ тапсырдық. Қырүйектің 29-на ота жасады бізге»

Балалар кардиохирургиясы елімізде жақсы дамыған дейді мамандар. Сондықтан қазіргі таңда туа бітті жүрегінде ақауы бар нәрестелердің аман қалуының мүмкіндігі жоғары екен.

Бауыржан Тұяқбаев, Жоғары санатты балалар кардиохирургі: «Қазақстанда бұл балалардың бәріне ота тегін жасалады. Порталмен және МӘМС арқылы тегін операциялық көмек жасатуға болады. Қазақстанда кардиохирургияны толық емдей аламыз деп айтуға болады. Себебі бұл бізде қолға алынған. Осының арқасында мамандардың барлығы шетелде білім алған»

Айта кетейік, биыл Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханысының базасында кардиохирургия бөлімшесін ашу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, бөлімшені ашып балаларға медициналық көмек көрсетуге клиниканың толық мүмкіндігі бар. Материалдық-техникалық база, яғни қажетті медициналық жабдықтар бар, білікті кардиохирург мамандар да жеткілікті. Жоспар жүзеге асып, кардиохирургия бөлімшесі ашылғаннан кейін, клиника жүрек ақауымен туған бүлдіршіндерді қабылдап, оларға күрделі ота жасайтын болады.

Ал Елордадан келген дәрігерлер ақпанның 3-і мен 8-і аралығында көшпелі қабылдау өткізеді. Ертең Ордабасы ауданы, Темірлан ауылының тұрғындары білікті кардиохирургтардан кеңес ала алады.