Астанада Отан қорғаушылар күніне орай әскери шеру өтіп жатыр. Салтанатты сәтті Шымкент тұрғындары да тамашалауға мүмкіндік алды. Қаламыздың бірнеше жеріне ЛЭД экран қойылып, қарулы күштер парады көрсетілді.
Отан қорғаушылар күніне орай Астанада әскери шеру өтті. Ал салтанатты шараны шымкенттік тұрғындар қаланың 3 бірдей алаңынан тікелей эфирде көруге мүмкіндік алды.
Мегаполис тұрғыны Байділә Нұрсейітұлы Қорғаныс күштерінің ел алдында сап түзеуін тамашалауға арнайы ат басын бұрыпты. Жалғыз емес, бұл жолы жанына немересін жетектей келген. «Жастардың бойына патриоттық рухты сіңіру үшін осындай салтанатты сәттерді өз көзімен көргені маңызды», — дейді ол.
Байділә Нұрсейітұлы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қазақ елінде парад өтіп жатыр. Мұның маңыздылығы өте күшті. Кішкентай кезінен көріп, тәрбие алып, ата-бабаларының, ұрпақтарының қалай жеңіске жеткенін, қандай жеңіске жеткенін түсінуіне осы балалар көрсе, өте зор мәні болады».
Ал әскери қызметкер Жұмат Жолдыбаев Қарулы күштердің шеруін отбасымен бірге қарады. 20 жылдан бері осы салада жұмыс істеп жүрген азамат мемлекетіміздің қорғаныс қуатын паш ететін парадты жыл сайын жібермей көретінін айтады. Ол әр кез балаларына Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарын дәріптеп, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу басты парызы екенін жеткізді.
Жұмат Жолдыбаев, 6698 әскери бөлімінін қызметкері: «Мерекелік дастархан жайып, парад болып жатса көреміз. Былтыр болмады. Әл-Фараби алаңында өткен парадқа да барып көретінбіз. Ерекше қараймыз парадты қызығушылықпен балаларыммен бірге. 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен барша ер-азаматтарды құттықтаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын».
Бұл Ел Ән ұранын бар жанымен орындап тұрған 200-ге тарта жас Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж ұландары. Олар армияның айбынды шеруін ұстаздарымен бірге тамашалады.
Мақсат Ахшалов, Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледжінің бастышысы: «Бүгін Отан қорғаушылары мерекесін тойлаудамыз. Сол себеп Түркістан сарайында Шымкент қаласы әкімдігі Шымкент қаласындағы бүкіл әскери гарнизон қызметшілеріне, жанұясына және Шымкент қаласының тұрғындарына Астанада өтіп жатқан, Ел Президенті қолдаған 80 жылдық парадті тікелей эфирде көруге шақырды. Парад өте күшті өтуде. 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын».
Сонымен қатар, Түркістан сарайына 130-ға жуық әскери өз отбасымен бірге келіп, Отан қорғаушылардың құрметіне арналған шерудің куәсі болды.
Әсел Мәлік