Түркістан облысы Келес ауданы Еңбекші ауылында 15 жастағы оқушы 71 жастағы зейнеткерден жүкті болып, босанған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, оқушының аяғы ауыр екенін жақындары жүктіліктің жеті айында білген. Оған дейін қыз көршісі әрі туысқан атасынан зорлық көргені туралы тіс жарып айтпаған. Тек босанған соң ғана зорлық жасаған адамның кім екені белгілі болған. Оқиғаны естіген тұрғындар күдіктінің отбасының ауылдан көшіп кетуін талап еткен.
Оқиғаны полиция да растады. Облыстық полиция департаменті күдікті ұсталғанын мәлім етті. Зейнеткер қылмыстық кодекстің “Зорлау” бабымен күдікке ілінген.
Мұрат Қабденов, Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы: “Келес ауданы тұрғынының кәмелетке толмаған қызына қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттері бойынша жазған арызына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу нәтижесімен тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады”
Полиция тергеуге қатысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды деді.






