Кентаулық студенттер биыл да WorldSkills (уорлдскиллс) чемпионатына қатыспақ. Оқу орнының шәкірттері бұл додада бұған дейін бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрінген. Қазір олар заманауи құрал-жабдықтарда дайындықтарын пысықтап жатыр.
Кентау қаласындағы колледж студенттері оныншы рет өтетін WorldSkills чемпионатына жолдама алды. Бұған дейін де бірнеше рет қатысып, республикалық кезеңнен жүлделі орындармен оралған. Қазір студенттер арнайы заманауи аппараттарда дайындық жүргізіп жатыр.
Оқу орны «Токарлық іс» мамандығы бойынша заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Соның арқасында студенттер тәжірибесін жетілдіріп, түрлі деңгейдегі байқауларда үздік нәтиже көрсетіп жүр дейді мамандар.
Колледж 2020 жылы «Жас маман» жобасы аясында 296 миллион теңге грант ұтып алып, жаңа технологиялық жабдықтар сатып алған. Сол сәттен бастап облыстық WorldSkills сайыстары Кентауда өтетін болды.
Ал қазір оқу орнының материалдық-техникалық базасын одан әрі жаңарту үшін жаңа жоба әзірленіп, Қазақстан халқы қорының арнайы жобасына ұсыныс берілген. Құжат мақұлданса, колледж құрылғылары толық жаңартылмақ.
Әсел Мәлік






