Шымкенттегі «Қызғалдақ» сарайында «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты жиын өтті. Іс-шара білім беру саласында елеулі еңбек етіп жүрген мұғалімдерге құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Толығырақ мерекелік шараға қатысып қайтқан арна тілшісі жалғастырады.
Шымкентте ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Жиын барысында Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік марапаттары табыс етілді. Қаланың төрт педагогі «Ерен еңбегі үшін» наградасын алса, бірнеше ұстаз «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
Марапат иелерінің қатарында 20 жылдан бері ұстаздық жолда жүрген Гүлзия Қарақұлова да бар. Өз еңбегінің бағаланғанына қуанып, ұстаз толқынысын жасыра алмады.
Гүлзия Қарақұлова, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері: «Бүгін міне ерекше толқып тұрмын. Ы. Алтынсарин төсбелгісі тағылып жатыр. Өте қуаныштымын. Себебі әрбір адам еңбегі бағаланып жатса, шынайы бағаланып жатса қуанады деп ойлаймын»
Сонымен қатар, бірқатар мұғалім қала әкімі мен қалалық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарына ие болды. Ғабит Сыздықбеков өз сөзінде ұстаздық мамандықтың қоғамдағы мәртебесін ерекше атап өтті. Ол мұғалім — болашақтың бағдарын айқындайтын тұлға екенін айтып, педагогтарға жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие берудегі қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Бүгінде елімізде ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кәсіби деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытта Шымкент қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қаламызда 32 мыңнан астам педагог бар. Олардың кәсіби шеберлігі мен ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып отыр»
Басқосу кезінде жаңа оқу жылына енгізілген өзгерістер мен бастамалар сөз болды. Жауапты мамандар білім саласының цифрлық жүйеге көшуі мен жасанды интеллект технологияларын енгізу үдерісі жайлы баяндады. Мұндай қадамдар білім сапасын арттыруға және оқыту процесін жеңілдетуге бағытталғаны да айтылды.
Қуаныш Ысқақов, Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының м.у.а: «Жаңа жылда жаңа бастамалар қолға алынуда. Оның ішінде қосымша білім берудің жаңа пилоттық жобасын іске асырудамыз. Қазір ол пилоттық жоба толықтай іске асырылды деп айта аламыз. Ол жерде 44 мың бала жеке өнім берушілерден шығармашылық, спорттық және білім беру тапсырысын алуда. Одан бөлек әрбір мектепте қосымша білім беру жүйесін енгізудеміз»
Жиынның соңы көтеріңкі көңіл-күйге толы концерттік бағдарламаға жалғасты. Сахнада ұстаздық еңбектің қадір-қасиетін айшықтайтын көріністер қойылып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп жүрген педагогтерге арналған әндер шырқалды.
Лаура Бабас






