Úı ANONS Лоббистердің ықпалындағы Кодекс

Лоббистердің ықпалындағы Кодекс

Құрылыс саласы лоббистердің ықпалынан шыға алмай тұр. Бүгін Мәжілісте таныстырылған Құрылыс кодексінің жаңа жобасы қатаң сынға ұшырады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағасбаевтың мінберге шығуы сол екен, депутаттар дүрсе қойды. Жұмыс тобында ұсынып, бірақ жобаға енбей қалған құрылыс талаптары мәжілісмендердің ашуына тиген сияқты. Бірінші оқылымда қаралған Құрылыс кодексінің жобасы жайлы елордалық тілшіміз айтып береді. 

Мәжіліске дайындықпен келген министр баяндамасын оқып бітіре сала сынның астында қалды. Мәселен, құрылыс саласында 80 мыңға жуық лицензия тіркелгенін айтқан еді. Алайда депутат Бақытжан Базарбек оны жалғанға шығарды. Өйткені, Жоғары аудиторлық палата 93 мың 500 лицензия берілгенін осыған дейін мәлімдеп тастаған. Оның үстіне, Кодекстің өзі ірі компанияларға еш тіс батыра алмайтындай етіп дайындалғанын айтады.

Бақытжан Базарбек, Мәжіліс депутаты: «Бұл Кодекстің жобасы Мәжіліске кірген кезде ең көп сын айтқан депутаттардың бірі мен едім. Сын айтпасқа болмас еді, 386 миллион тенгеге студенттің курстық не дипломдық жұмысына тепе тең 3 заңнан компиляция жасап су жаңа Кодекс деп кіргізгендер әлі жауапқа тартылған жоқ. Бар болғаны екі шенеунікті тәртіптік жауапқа тартқан».

Бір бастаса басылуы қиын Бақытжан Базарбек мұнымен тоқтамады. Алматыда лай көшкіні қаупі бар жерлерге үй салуға неге рұқсат берілгенін сұрап, министрді тығырыққа тірей бастаған. Бірақ төпелеп келіп ақыры төрағадан сөз естіп тынды.

Ерсайын Қайырғазыұлын Мәжілісте алақанын ысқылап күтіп отырған жалғыз Базарбек емес екен. Ретімен сөз алған Марат Башимов жаңа кодекстің нормаларына қарсыласып жатқан лоббистер қауымы бар екенін ашық айтып, тіпті, олардың өз ортасында екенін меңзегендей болды. Онысы жұмыс тобында бірге болған әріптестеріне ұнамай, сөзге келіп қалды.

«Қазір бір-бірімізді лоббист деп жатырмыз, анау-мынау… Бұл артық сөз. Алысқа бармай-ақ қояйық, бір-бірімізді сыйлап, бірге қарастырайық. Бір-бірімізді сыйлайық, дұрыс».

Мәжіліс төрағасына осылай тартысқан тараптарды қайта-қайта сабырға шақырып отыруға тура келді. Бірақ, депутаттардың әлі де бір қайнауы ішінде. Өйткені, айтуларына қарағанда, бірнеше ұсыныс лоббистердің ықпалымен Кодекс жобасына енбей қалған.

Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты: «Үйлер салғанда үлкен девелоперлер, үйді салатын үлкен компаниялар әкімдікпен меморандумға отырады. Айтады, «біз қазір салып алайық, сосын мектепті де саламыз, инфрақұрылымды да жасаймыз». Ол меморандумның ешқандай құны жоқ. Нәтижесінде ештеңе орындамайды, мектеп жоқ, аурухана жоқ – ештеңе жоқ. Екінші оқылымға дейін егер осы ұсыныстарымыз қабылданбаса, атын атап, түсін түстеп, айтып береміз».

Дегенмен депутаттар жаңа Кодекс жобасының саланы айтарлықтай ілгерілететінін айтып отыр. Мәселен, қоғам қаланың архитектурасына қатысты шешімдерге араласа алады, сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс салуда сол жердің ерекшеліктері ескеріледі. Құрылысты қабылдағанда мемлекеттік органдар оның нормаларға сәйкестігін тексере алады. Әйтсе де бүгінгі айтылған сын-ескертпелер екінші оқылымға дейін тағы біраз талқыға түскелі тұр.

Ербол Тұрымбет