Заңгер кеңесі

Оқырмандар сауалына, тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

 Сұрақ:

– Қарызға ақшаны берген кезде қарызға беру мәмілесі нотариалды куәландыруды қажет етеді ме? Егер қарызға беру шарты нотариалды куәландырусыз жасалған болса, онда ертеңгі күні қарызды қайтара алмайтыны рас па?

 Жауап:

– Қарызға беру мәмілесі нотариалды куәландыруды қажет етпейді. Мәмілені нотариуста куәландыруды екі жақ өзара ақылдасып өздерінің қалауы бойынша жасай алады. Бірақ бұл әрекет міндетті емес. Ақшаны қарызға берген кезде көбінесе жазбаша қолхаттар пайдаланылады. Әрине, ақшаны қарызға берген кезде Сіздер бұны жазбаша түрде рәсімдемесеңіз де болады. Алайда болашақта ақшаны қарызға бергеніңізді Сіз үшін дәлелдеу қиын болады және соның салдарынан ақшаны қайтаруыңызға мүмкіндік болмайды. Сондықтан, ақшаны қарызға берген кезде қарыз беру фактіні жазбаша түрде (жай қолхат немесе нотариалды түрдегі қарыз беру шарты) бекіткені дұрыс болады.

Сұрақ:

– Бала күтімі кезеңінде уақытша қызметкер қабылданды. Негізгі қызметкер бір жарым жылдан кейін жұмысқа өтініш жазып шықты. Ал уақытша қабылданған қызметкермен еңбек шартын бұзайын десек, уақытша қызметкер еңбекке жарамсыз болғаны жөнінде қағаз берді. Ал уақытша қабылданған қызметкердің қағаз берген күні негізгі қызметкердің жұмыс күні болу керек еді. Енді не істеуіміз керек? Заң бойынша қызметкердің еңбекке жарамсыз кезеңінде еңбек шартын бұзуға болмайды, бірақ негізгі қызметкердің жұмысқа шыққан күні уақытша болмаған қызметкердің орнын ауыстыру уақытына жасалған еңбек шарты мерзімінің аяқталар күні болып табылады. Уақытша қызметкермен еңбек шартын бұзсақ та заңсыз болады, бұзбай негізгі қызметкерді қабылдамасақ та заңсыз болады. Қайтеміз енді?

 Жауап:

– Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 53-бабының 4 тармағы бойынша жұмыс орны (лауазымы) сақталған қызметкердiң жұмысқа шыққан күнi уақытша болмаған қызметкердiң орнын ауыстыру уақытына жасалған еңбек шарты мерзiмiнiң аяқталар күнi болып табылады. Яғни, негізгі қызметкердің жұмысқа шығуы күнінен бастап оның орнына уақытша алынған қызметкермен еңбек шарты бұзылу керек. Ал, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 55-бабында көрсетілген қызметкердiң уақытша еңбекке қабiлетсiздiк кезеңiнде және жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында жүрген кезеңiнде еңбек шартын жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша бұзуға жол берiлмейдi деген нормасы мұндайда қолданылмайды. Өйткені, Кодекстің 54-бабында көрсетілген жұмыс берушінің бас-тамасы бойынша жұмыскермен еңбек шартын бұзу негіздері ішінде «еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты» деген негіз жоқ.