Облыс мектептерінде 597 оқушы діни киіммен сабаққа қатысуда

555

ОҚО әкімшілігі мен Білім басқармасының ұйымдастыруымен дөңгелек стол болып өтті. Дөңгелек столдың негізгі мақсаты – мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарының діни сауаттылыққа көзін ашу, ата-баба дәстүрін жас ұрпақтың санасына ұдайы сіңіру, оны мейлінше қоғам болып насихаттау үшін құқық қорғау, ішкі саясат, білім және дін мамандары бірлесе, бірыңғай есепке алу арқылы ең көп шоғырланған аудандарда оңалту жұмыстарын жүргізу болып табылады.

Басқосуға ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Білім басқарма басшысының орынбасары Ардақ Садықова, ОҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары Асылхан Қалаубаев, ҚР ҰҚК ОҚО департамент өкілі Ерлан Көпбаев, дінтанушы Медет Халықов, Облыстық дін істері басқармасының басшысы Самат Сапарбаев, Облыстық Ішкі саясат басқарма басшысының м.а. Сәбит Исабай, Шымкент қаласындағы барлық мектеп директорлары мен ОҚО ІІД ЖПҚ Ювеналдық полиция қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек стол барысында ОҚО Білім басқарма басшысының орынбасары Ардақ Садықова мектеп оқушыларының ата-аналарымен кездесулер өткізіп, бір мәмілеге келу үшін жұмыс жасағаны туралы айтып кетті. ОҚО ІІД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқарма бастығының орынбасары полиция полковнигі Шырынбек Оңғаров Деструктивті діни ағымды ұстанушылардың мектеп жасындағы қыз балаларға кері әсері және облыс орта мектептеріндегі «хиджабқа» байланысты заңды көзқарасы туралы баяндама жасады.

ОҚО ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі А.Қалаубаев өз сөзінде: «Мектеп директорлары ата-аналарға да мектеп оқушыларына да дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Бәрі де заң аясында болуы тиіс, балалардың құқы тапталмауы қажет. Балалардың болашағы үшін жұмылып іс атқарайық» деп атап кетті.

Бүгінгі күні облыстық білім басқармаларының соңғы мәліметі бойынша облыстың орта мектептерінде 597 оқушы діни киіммен (орамалмен) сабаққа қатысуда. Қолданыстағы заң талаптарында діни киіммен мектепке баруға мүлдем тыйым салынған. Атап айтқанда, «Білім туралы» Заңның 49-бабына сай ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті. Мектеп формасына түрлі діни конфессияға қатысты киім элементтерін қосуға мүлдем болмайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 409-бабы 2-тармағында ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің ҚР-ның білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

«Кәмелет жасқа толмаған балаларға орамал тағып, діни киім кигізу өз еркілерінен тыс орын алуда. Бұл жерде ата-аналар балаларының құқтарын таптауда. Бұл мәселе күн тәртібінде өзекті болып тұрғандықтан, күнделікті атқарып жатқан жұмыстар облыс әкімінің бақылауында болады» деп қорытындылады өз сөзінде ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков.

ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы