Сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер белгіленген міндетін тиісті деңгейде орындамады! Қала әкімдігінің ресми өкілі, Шымкенттегі орталық су спорт кешенінің қазіргі жағдайы туралы айтты. Сәрсен Абайұлының сөзінше нысан мемлекет меншігіне толық қайтарылмаған. Егер кәсіпкер міндетін әрі қарай да орындамаса, әкімдік қайта сотқа жүгінеміз деп отыр.
Шымкенттің орталық су спорт кешені әлі мемлекет сеншігіне толық өтпеген. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Бұдан 9 ай бұрын қала әкімдігі кешеннің мемлекет меншігіне қайтарылғаны жөнінде ақпарат таратқан еді. Оған сенімгерлікке алған кәсіпкердің белгіленген талаптарды орындамай, кешеннің тоз-тозын шығарғаны себеп болған.
Ресми мәліметке қарағанда, кешен 8 жыл бұрын сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген. Сол кезде құны 1,2 млрд-қа бағаланған. Сенімгерлік басқару шартымен кешен “GRAND TRUST” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткен.
Серіктестікке нысанға 500 млн. теңге инвестиция салып, салықтық міндеттемелерді уақытылы орындау жүктелген еді. Дегенмен міндет орындалмаған. Нәтижесінде кешен жарамсыз күйге түскен. Қабырғалары жарылған, кейбір еден жабындары опырылған. Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті болған соң кешен жұмысы тоқтатылды.
Әкімдіктің кәсіпкерге кешенді қалпына келтіріп, мемлекетке қайтару туралы талап қойғанына бірнеше ай өтті. «Отырар» телеарнасының түсірілім тобы кешенге қайта барды. Есігіне құлып салынған, құрылыс жұмыстары әлі тоқтап тұр. Ғимаратта тірі жан жоқ. Тіпті күзетші де көрінбеді. Ал серіктестіктен қазірге пікір алу мүмкін болмады. Ал бұл туралы әкімдік не дейді? Кешен неге әлі күнге мемлекет меншігіне толық қайтарылмады?
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Өкініштісі, ол жерге ешқандай қаржы салынбаған. Ол аз болғандай бассейн ғимараты тозып кеткен. Су сорғылары істен шыққан. Сондай-ақ сенімгерлік басқарушының заңсыз іс-әрекетінің салдарынан мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының бюджетке 178,9 млн теңге берешегі бар екені анықталды. Мынау электр энергиясына 25,4 млн теңге және салықтық төлемдерден 124,6 млн қарыздары анықталды. Аталған кемшіліктерді ескеріп, сотқа былтырғы жылы қыркүйек айында талап-арыз жолданды. Нәтижесінде экономикалық соттың шешімімен сенімгерлік басқару жөніндегі басқару бұзылды. Қазіргі таңда сенімгерлік басқарушы өз тарапынан шығындарды қайтару және тозған, бұзылған сорғыларды қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр».
Дегенмен кешенді мемлекетке толық өткізу жұмысы созбалаңға салынып тұр. Мұндайда әкімдік қандай шара қолдануы мүмкін? Қандай амал жасайды? деген сұрақ туады.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бұл енді қаламыздағы үлкен, ірі жалғыз бассейн ғой енді. Біз де барынша сенімгерлік басқарушының айтқанына, уәждеріне құлақ асып, өз есебінен кешенді жөндеп беруді мойнына алған. Егер орындамайтын болса біз тағы да сотқа жүгінуге, ол кісіге қатысты шара көруге тура келеді».
Айта кетейік, әкімдік дерегінше, осыған дейін орталық су спорт кешенін сенімгерлікке алған серіктестік жылда жергілікті бюджеттен есебінен қаржыландырылған. Мысалы, 2018-2024 жылдар аралығында ғимаратты күтіп-ұстау және су спорты түрлері бойынша спортшыларды даярлау мақсатында 1,2 млрд-тан аса ақша бөлінген. Дегенмен сенім ақталмаған.
Дилара Иса






