Úı ANONS Қалдық судың зардабын халық тартып отыр

Қалдық судың зардабын халық тартып отыр

Сарыағаштық тұрғындар демалыс орындарының зардабын тартып отырмыз дейді. Айтуларынша өңірдегі жүзден аса шипажайдың кәріз сулары өзенге ағып, ауыз суды ластаған. Соның салдарынан қазір халық не егін еге алмай, не мал баға алмай әлек. Кәсіпкерлерді бірнеше рет сотқа беріп, әділдік іздегенімен, нәтиже болмай отыр дейді тұрғындар.

«Байтақ» жасылдар партиясының бастамасымен Сарыағаштағы экологиялық мәселе қайта көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, аймақтағы жүзден астам демалыс орнының кәріз сулары төңірекке орасан зиян келтіруде. Кәріз суы ағып, топталған аумақ — қолаңсы иісі мүңкіген, батпаққа айналыпты. Шипалы суымен танылған өңір тұрғындары қазір ауыз судың сапасы да нашарлағанын айтып дабыл қағуда. Өйткені шипажайлардан шыққан лас су шамамен 600 адам тұтынатын Келес өзеніне құйылады екен. Салдарынан, жергілікті зардап шегіп отыр.

Рүстем Саылбек, Келес ауданының тұрғыны: «Балалардың ішінен құрт шығып жатыр. Оны кешегіде тексердік — 1-1,5 млн-дай шығын болып жатыр. Ондай жағдайды көтере алмайды. Балаларын қарыз алып, кредит алып зорға үйлендіріп жатыр. Өйткені диханшылық болмаса, мал шаруашылығы болмаса халық өте қатты қиналып жатыр».

Кәріз суының салдарынан егістікке де су бармай қалған. Тұрғындар енді сол лас суды сүзгіден өткізу үшін арнайы фильтр қойып берсе дейді.

Рүстем Саылбек, Келес ауданының тұрғыны: «Осы каналға жоғарыға фильтр қойып, сол 20 арасындағы арақашықтықты латокка қойып берсе. Дихандардың латогы. Филтр қойып, сол суды тазалап сол латокка тастап берсе».

Айта кетерлігі, бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген екен. Тіпті істің соңы сотқа тіреліп,  екі рет қаралғанымен проблема шешімін таппапты.

Рүстем Саылбек, Келес ауданының тұрғыны: «Қазанның 1-не шықты санаторий жабылсын деген. Бізге қаулы берді. Ол жабылған жоқ. Екінші рет тағы сотқа өтті. Штраф та салынды бұл жерге 2-3 рет».

Арна тілшілері  тұрғындар көтерген мәселеге қатысты жергілікті әкімдіктің пікірін тыңдап көрді.

Үміт Тұржанова, Көктерек ауылдық окруігінің әкімі: «Көктерек кентіндегі орналасқан шипажайлар басшыларының демеушілігімен 3 насос, 1 (250 квт) трансформатор, кәріз (колодец) орнатылды. Сондай-ақ, кәріз суы жиналатын көл дамбасының деңгейі көтеріліп, сарқынды судың деңгейі 1 метрге дейін түсірілді. Кәріз бекетіндегі (КНС) құбырлар толық жаңартылды. Қазіргі таңда жүйе қалыпты жұмыс істеп тұр. Келес өзеніне сарқынды сулар құйылып жатқан жоқ».

Шипажайлы өңірдің мәселесі мұмнымен бітпейді. Тұрғындардың айтуынша, өңірде мал шаруашылығы да тоқырап тұр. Себебі курорттық аймақ маңындағы қоқыс полигоны мал жайылымына айналып кеткен. Қалдықтардың арасында өлекселер жатқанын көрген жұрт санитарлық талаптардың сақталмауына алаңдаулы.

Айбек Смаилов, Келес ауданының тұрғыны:  «Қарасаңыздар, мынаның ішінде өлексе тұр. Өлекселер пайда болғанда, заң тұрғысында полигонға әкелмеуі керек. Оны арнайы жағатын орын болады, сол орынға апару керек».

Ал жергілікті әкімдіктің бұл мәселеге қатысты өз уәжі бар.

Үміт Тұржанова, Көктерек ауылдық окруігінің әкімі: «Келес ауданы Біртілек ауылдық округі аумағында орналасқан Көктерек ауылдық округінің қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын 3 гектарлық полигоны Сарыағаш ауданы әкімінің 15.05.2024 жылғы №184 қаулысына сәйкес жабылған. Қазіргі таңда полигон тегістеліп, қоқыс тасталмайды. Ал Көктерек кенті аумағындағы Жартытөбе ауылдық округінің полигоны қалыпты жұмыс істеуде».

Тұрғындар көтерген мәселеге бей-жай қарамай,  экологиялық жағдайды бақылауға алған «Байтақ» жасылдар партиясы мәселені назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.

Руслан Мұратұлы, «BAITAQ» жасылдар партиясының облыстық төрағасы: «Енді біз хат жолдадық. Біздің өз тарапымыздан ұсынысымыз бар — тек мемлекеттік емес, жеке әр кәсіпкерге де айтатын ұсынысымыз бар».

Табиғаттың тозуы — халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан экологиялық түйткілді шешу – бүгінгі күннің басты міндеті.

Ботакөз Ануар