Úı ANONS Инвестициялық жобалар — басты назарда

Инвестициялық жобалар — басты назарда

Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және капитал тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін шамамен бір жарым трлн теңгеге жеткізу міндеті қойылған. Осы орайда өңір әкімі инвесторлармен кездесіп, жаңа жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер өткізді.

Биыл Түркістан облысына шамамен бір жарым трлн инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде көрсеткіш бір трлннан асып жығылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық.

Қанат Шонбасов, ТО өнеркәсіп және индустриалды даму басқармасы басшысының м.у.а: «Бұдан бөлек, 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарланған еді. II тоқсан қорытындысы бойынша нақты тартылған инвестициялар 543 млн. АҚШ долларынан асып, жылдық жоспардан асып түсті, орындалды».

Түркістан облысында инвестициялар тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторларды қабылдап, ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Жиын барысында ол өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Арнайы экономикалық аймақта салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетілуде. Біз Сіздермен бірлескен жобаларды іске асыруға және барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз»

Кездесуге қатысушылар ынтымақтастықты дамыту және жаңа жобаларды іске асыру жолдарын талқылады. Келіссөздер сәтті өтіп, қос тарап жаңа жобаларды жүзеге асыруға келісті.

Лаура Бабас