Сұрқай тіршіліктен шаршайтын кездер көп болатыны рас. Тарих беттерінде таспаланатындай өмір жолыңызда маңызды қадамдар жасамадым-ау деп өзіңізді мүжудің қажеті жоқ. Өмір бойы бақыттан бас айналып өту деген болмайды. Өмір тек бақытты сәттерден ғана тұрады. Оны тек сезіне білу қажет. Ірі қадамдар майда іздерден басталады. Болашақ бүгінгі күннен бастау алады. Сәт… Мезет… Маңыздысы сезіне білуде…
Сіз өзіңізді бұл дүниеде ешқандай да маңызды адам емеспін деп ойлауыңыз мүмкін. Бұл сіздің ғана ойыңыз. Бірақ біреу күнде таңертең сіз сыйлаған сүйікті шыныаяқтан дәмді кофе ішеді. Әр кофе ішкен сайын шыныаяқ сізді есіне салып тұрады. Еске алудың өзі де құрмет екенін ұмытпаңыз. Біреу сіз берген мойынорағышпен суық күнде бүрсеңдеп кетіп барады. Құлағы мен мойыны жылынған сайын ол сізді еске алады. Осындай жып-жылы, мап-мамық әдемі мойынорағыш сыйлағаныңыз үшін сізге алғыс жаудырады. Ал енді біреу тығырыққа тірелгендей өмірінің ең бір қиын кезеңінде бір ауыз жылы сөз айтып, демеу көрсеткеніңіз үшін сізді жиі еске алады. Бұл да өзінше бір бақыт. Біреу сіз сыйлаған кітапты оқып, өмірлік сабақ алып, тәжірибе жинайды. Кешкісін қатты қарны ашып, бүрсеңдеп, жұмыстан қайтып келе жатқан біреу сіздің жолай жеткізіп тастағаныңызды есіне алып, алғыс айтар. Жұмыста қырсық мінезі үшін елдің бәрі қабылдамайтын әріптесіңізге жәй ғана оның да жақсы мінезі бар екенін айтқаныңыз үшін сізді құрмет тұтады…
Ешқашан ештеңеге әсер етпеймін деп ойламаңыз. Артыңызда қалдырған ізіңізді, тіпті кішкентай әрекеттеріңізбен де өшіру мүмкін емес!
Гүлжан Көшерова





