Жақсы сөйле, болмаса үндеме… Жақсы әрекет жаса, болмаса …тыныш жүр… Бүгінде жалпы мәдениет туралы әңгімеге ойысайықшы. Көшеде болсын, мәдени ошақтарда болсын өзімізді мәдениетті ұстай алып жүрміз бе? Өзгені жиіркендірмеу де мәдениеттің бір түрі саналса керек. Сонымен…
Көше мәдениеті …
Көшеде кетіп бара жатсаң алдыңдағы адам мұрнын шұқып келе жатады. Мұрын деген «экологиялық аймақ» қой. Нағыз микробтарды тұтқыш орта. Балаң үйрек саусағын түбіне дейін тығып, мұрын шіркіннің ұңғыл шұңғылын түгел аралайды ғой. Осы көрініске куә болған өзіңді аяп кетесің кейде. Әсіресе қыстың күні адамның айуани харекетін айғақтап әппақ қардың үстінде нешетүрлі қақырықтар толып жатады. Жүргенің сол … ұшық қаптап…
Бала кезімізде әкем «дастархан басында шашыңды ұстама, мұрныңды ұстама, тәртіпті болып отыр» деп үйрететін. Тәрбиенің тереңіне тым бойлап кеткенбіз бе өзгенің оғаш қылығы түрпідей тиеді. Қонаққа барсаң, мұрнын ұстап шәй құйып береді. Ойланып отырасың, мұрнын ұстап қамыр жайды ма екен деп. Сосынғысын тамағын қалай жейсің, шәйін қалай ішесің?..
Көрермен мәдениеті …
Театрға, музейлерге, киноға жиі барамыз. Сонда байқағаным, көрермен мәдениеті кемшін. Көбіне кешігіп келеді. Үшінші қоңырау соғылған соң да орнын іздеп маңырап жүрген біреу. Өзінің де, өзгенің де мазасын қашырып тар орындықтар арасынан өту де бір азап. Бұрын мектепте мұғалімдеріміз театрға барғанда орындық арасынан өткенде теріс қарап емес, адамға қарап өтіңдер дейтін. Жамбас бөлігі тура адамның бетімен бет боп тіресетінін көп адам ойламайтындығы қызық… «Қойылым басталарда телефондарыңызды сөндіріп қойыңыздар» деп бірнеше рет ескертеді. Құлаққа ілетін адам аз. Рухани азық алу үшін келген адамдар осылайша шаршап қайтады. Телефонға қоңырау келсе оны басуға асықпайды, ең сорақысы қайда отырғанымен шаруасы жоқ бар дауысымен бақырып сөйлесетінін қайтерсің?! Сосынғысын театрға көшенің киімімен, тіпті шортымен келеді. Мәдениетті орынға келетінімен шаруасы жоқ, қалай болса солай алқам салқам боп келетіндер баршылық.
Жаназаға барғанда …
Өмір бар жерде өлім бар, қайтқан кісінің үйіне бас сұққанда мәдениет туралы да бір сәт ойланып қойсақ. Жасы алпысты алқымдаған апалардың өзі шалбар киіп келеді. Басы жалаңбас. Құран оқылатын жерге жалаңбас келу, шалбарланып келу нағыз мәдениетсіздікті «биік үлгісі» болса керек. Құран оқылып жатқанда бастарына майлық қойып, қол жайып отырады. Үйден шығарда бір тұтам жаулықты іле кетсе, сөмкесінен түсіп қалмайды ғой. Зейнеп Ахметова осы уақытқа дейін қазақы тәрбие, қазақы мәдениет туралы айтудайын айтып келеді. «Өлімге де шалбармен барады, мешітке де шалбармен барады. Театрға шалбармен барады. Алла-ай, театр деген өнер ордасы ғой. Қазір театрға барып көрші, тура базардан картоп сатып отырған жерінен жетектеп әкелген сияқты. Жарайды, кейде жас қыздарға шешесі айтпаған шығар дейсің. Құдай-ау, алды кебежедей, арты тегенедей болып, сеп-семіз бәйбішелердің шалбар киіп алатынын қайтерсің. Айнаға қарамай ма екен солар? Кейбіреуінің аяғы доға, бұтының арасынан ит өтіп кететіндей. Бірақ сонда да мәдениетті болған сиқы…», — деген еді.
Барша қазақтың ардақты келіні атанған, ұлттық салт-дәстүрдің жоқтаушысы Зейнеп Ахметовадан асырып айта алмаспыз. Сосынғысын қазалы үйге барын киініп, бар алтынын салып, малынып бару да мақтангершіліктің, мәдениетсіздіктің «биік шыңы» болса керек. Қазалы жер сән көрсететін орын емес. Онсыз да жаны жаралы жандардың көңіліне қаяу түсіру сияқты көрінеді кейде.
Жүргізуші мәдениеті …
Көшеде не көп, көлік көп. Көліктің көптігіне орай жүргізуші мәдениеті де осал. Бағдаршамға келіп тоқтағанда көп жүргізушінің негізгі ермегі мұрын шұқылау. Одан қалса қақыру, түкіру. Басқа адамдар қарап отыр-ау, ұят болды-ау… онымен шаруасы жоқ. Көшені космос деп ойлай ма, құйғытып айдап, ойқастап келіп тоқтайтындар да жоқ емес. «Жол бересіз бе?» деп өтіну жоқ, баса көктеп «нагло» кіріп кетеді жолыңа. Бұл әсіресе джип мініп, көкірегі көкте жүргендерге тән. Мәдениетті жүргізушілер сынды «аварикасын» жағып, рахмет айту олардың адами қағидаттар тізімінде мүлдем жоқ десе де болады. Құйғытып, аннан бір мыннан бір шығып, айдайтын көксоққан жүргізушілерге айтарға сөз жоқ. «Ұрынайын деп жүрген біреу де..» демеске амал кем. Бір қарасаң төрт дөңгелегі төбеге қарап, аунап жатады. Құдай сақтасын, «қайда асықты екен» дейсің…
Дастархан мәдениеті…
Шақырған жерге кешігіп бару көп адамның байырғы «серігі». Елдің бәрі дастархан басына жайғасып болған соң жағалай қол беріп амандасып шығады. Осы қаншалықты дұрыс? Мәдениеттіліктен бұрын тазалыққа қатыстылығы маңызды, әрине. Жуырда қонаққа барғанымызда бір кісі келіп жағалай бәрімен қол беріп, амандасып шықты. Сосын барып «Ойбу, тауыққа жем шашып келіп ем, қолымды жумаппын ғой», деп қол жуғышқа беттеді. Дастархан басындағылардың жикіркенішін тудыратын мұндай жағдайлар аз емес.
Тәрбие тетігі қайда?
Тойға барғанда дастархан басында отырған жастарға қарап тамақтану мәдениетінен жұрдайлығына қарның ашады. Шанышқыны қай қолға, пышақты қай қолға ұстау жөнінде нұсқаулық туралы мүлдем айтпай-ақ қояйық. Нанды аузына қарбыта салып, етті қолмен алып, сусынды бөтелкесімен аузына құйып жатқандары… Үйдегі тәрбиенің жемісі. Бала – ата-ананың айнасы. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Рас сөз. Дөп сөз. Өзін өзі ұстауы, киім киісі, сөйлеу мәнері мұның бәрі де ананың тәрбиесі. Ал дөрекі сөйлеп, боқтық сөздерді қарша борататын ұлдар әке көріп «оқ жонғандар». Бүгінде байқасаңыздар, көшеде былапыт сөздермен аузы былғанған, боқтықпен бастамаса сөз сөйлей алмайтын жастар көбейіп келеді. Мұның бәрі де «көше тәрбиесі» емес шығар. Үйдегі тәрбиенің бір ұшқыны деп есептеңіз. Өйткені былапыт сөзді әкесінен де, шешесінен де көп естіген бала соны айнытпай қайталары сөзсіз. Ия, расында бала әке-шешесінің көшірмесі…
Қазақ баласы үшін Тәрбие көрген деген сөз мақтаудың ең жоғарғы сатысы. Өйткені жастайынан жақсы тәрбие алған бала ата-анасына сөз тигізбеуге тырысады. «Қандай ит тәрбиелеген?» деген сөзді айтқызбайды. Ал тәрбиесінің негізгі іргетасы дұрыстап қаланбаған бала қанша қайта тәрбиелесең де цементі аз қосылған қоспа құсап үгітіле береді. Қоғамды түгел тәрбиелей алмаспыз, дегенмен де осы айтылғандар біраз адамның санасына сәуле түсірсе… жаман емес…
Гүлжан Көшерова







