Қазақ хандығының тарихына қатысты жаңа ғылыми еңбектер жарық көрді. Елордада таныстырылған жаңа кітаптардың ерекшелігі, төл тарихымыздың бұрын көпшілікке мәлім болмаған деректері қамтылған. Әсіресе, 15-18 ғасырлар аралығында беймәлім болып келген билеушілер, олардың хандығымызды нығайтуға қосқан үлесі туралы айтылған. Ең негізгісі, бұл деректің барлығы Қазақ хандығының Жошы ұлысы, яғни, Алтын орда империясының мұрагері екенін дәлелдей түседі.
Қазақ хандығын зерттеушілердің тың деректері бірнеше ғылыми еңбек ретінде көпшілікке таныстырылды. Олардың айтуынша, Кеңес одағы заманында көп архивке қол жетпеген. Ал қазір жыл сайын Иран мен Түркия архивтерінен жаңа деректер, жаңа қолжазбалар табылып жатыр. Оның бәрі тарихымыздың жекелеген сәттеріне қатысты түсініктерді қайта қарауға итермелейді.
Мақсат Алпысбес, тарихшы: «Советтік кезеңдегі тарих ғылымында болған дискурс Жошы ұлысын Қазақ хандығының алдында болған саяси құрылым ретінде қарастыруды жоққа шығарған. Сол тұрғыдан Қазақ хандығы мемлекеттік құрылым ретінде жоқ жерден пайда болған саяси дүние сияқты келтірілген».
Қазіргі тарихта Тәуекел ханнан кейін тақ інісі Есім ханға тигені айтылады. Ал жаңа деректер бойынша, Есімнен бұрын Баһадүр хан болғаны анықталған. Ол Ташкентте тиын басып шығарған. Осы күнге дейін сол тиындар кімге тиесілі екенін белгісіз болып келген. Сондай-ақ, Қазақ хандығын бекемдеп, сыртқы саясатын қалыптастыруда үлкен қызмет атқарған Әбілпейіс сұлтан жайлы еңбек те бар.
Клара Хафизова, тарихшы, қытайтанушы: «Оның қызметі Әбілқайыр, Абылай сияқты тарихи тұлғалардың өмірбаянында келтіріліп, солардың көлеңкесінде қала берген. Ал шындығында одан асқан биік дәрежелі Шыңғыс ұрпағы болмаған. Ол Ресей мен Цин империясының қыспағында бола тұра, қазақтың ежелгі көшпелі дәстүрін сақтай отырып, ауқымын кеңейте білген».
Қай деректе де династиялық билеуші әулеттердің, қазақ хандарының шығу тегі сонау Шыңғыс хан мемлекеті мен оның балалары құрған ұлыстардағы мұрагерлермен байланысып жатыр. Тек ендігі мәселе, Алтын орда дәуірі көптеген ел тарихшылары зерттеп жүргенімен, өз мамандарымыз жетіспей тұр.
Берік Әбдіғали, саяси ғылымдар кандидаты: «Егер Алтын орда кезеңі бойынша мамандардың жоқтығы болса, Қазақ хандығы бойынша керісінше, Құдайға шүкір, мамандарымыз аз болса да бар, үлкен кісілеріміз. Кейінгі жас буын шықты. Арасындағы салбақтастықтың әлсіздігі байқалады».
Тарихшылардың айтуынша, енді жаңа деректерді әбден сараптап пісіріп алу керек. Содан кейін ол мәліметтерді мектеп оқулықтарына, жоғары оқу орындарының бағдарламасына кіргізу міндеті тұр. Сондай-ақ, төл тарихымыздың 7 томдығы да осы мәліметтермен толыға түспек.
Ербол Тұрымбет






