Úı Jańalyqtar Сүт нарығының болашағы

Сүт нарығының болашағы

Қазақстан сүт өнімдерін жеткілікті деңгейде өндіре алмай отыр. Осы және өзге де мәселелер «Ақ Алтын-2025» конгрессінде талқыланды. Жиын барысында шикізат сапасы, өндірісті жаңғырту, мамандар тапшылығы және импорттық өнімдермен бәсекелестік жайы басты назарда болды. Сондай ақ, Франция, Үндістан және Орталық Азия елдерінің сарапшылары ел нарығына қатысты жаһандық қиындықтар мен мүмкіндіктер туралы өз ойларын ортаға салды.

Шымкентте «Ақ Алтын» конгресі өтті. Форум Орталық Азиядағы сүт өнеркәсібінің тұрақты дамуына арналған. Жиында қатысушылар агротехнологиялар мен сүт өңдеудің жаңа тәсілдерімен танысып, өңірлік ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Үшінші рет ұйымдастырылып отырған шарада Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ететін шешімдер де қабылданды. Мәселен, Франция елшісі өз елінің технологиялары мен сапа стандарттарын мемлекетімізге ұсынуға дайын екенін атап өтті.

Сильвен Гийоге, Қазақстан Республикасындағы Францияның төтенше және өкілетті елшісі: «Бүгінгі «АҚ Алтын» форумына қатысу мен үшін өте маңызды. Біз өз мүмкіндіктеріміз бен тәжірибемізді сіздерге ұсына аламыз. Бірнеше ірі француз компаниясы бұл нарықта жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Дәл солай Қазақстанға сүт өнімдері саласында ірі өңірлік ойыншы болуға көмектесе аламыз».

Қазақстан шетелдік компанияларға әлі де толық таныс емес нарық болып отыр. Сондықтан осындай алаңдар арқылы өңір мен саланың дамуын бағалауға болады дейді қатысушылар.

Прашант Трипати, «JORDBRUKARE» компаниясының негізін қалаушы: «Батыс елдерінде немесе Үндістанда тұрсаң, Қазақстан мен ТМД аймағында не болып жатқанын білмейсің. Мен бес жылдан бері осы форумға қатысып келемін. Бұл жиын  жергілікті компаниялармен танысып, олардың жоспарлары мен амбицияларын түсінуге мүмкіндік береді. Сол арқылы біз қай үнді компаниялары Қазақстанға шыға алатынын және қай қазақстандық брендтерді Үндістанға шығаруға болатынын бағалай аламыз».

Конгресске сүт нарығын дамытатын барлық тараптар – шикізат өндірушілер, өңдеушілер, жабдық пен қаптама жеткізушілер және сарапшылар – жиналды. Бұл компанияларға нарық қажеттіліктерін бағалап, инвестиция мәселелерін талқылап, жаңа бизнес байланыстарын құруға мүмкіндік берді.

Бүгінде Қазақстанның сүт нарығы біршама ақсап тұр. Саланың дамуы үшін білім, технология және қатысушылар арасындағы үйлестіру қажет. Ал «Ақ Алтын» конгрессі өндірушілер, өңдеушілер және халықаралық сарапшылар арасындағы диалог алаңына айналды. Ұйымдастырушылардың еңбегі арқасында сала өз даму бағытын өзгертуге мүмкіндік алды.

Лаура Бабас