Úı ANONS Түркістан облысында 8 адам қудалаудың құрбаны болған

Түркістан облысында 8 адам қудалаудың құрбаны болған

Адамды жүйелі түрде қудалау — қылмыс. Түркістан облысында 8 сталкинг фактісі тіркелді. Жәбір көрген әйелдер бірден құзырлы орган өкілдеріне хабарласып, көмек сұраған. Тез арада, қылмыстық іс қозғаған тәртіп сақшылары 6 істі сотқа жолдады. Енді оларды қандай жаза күтіп тұр?

 

Күннен-күнге сталкингке ұшырағандардың саны артып келеді. Қылмыстық кодекстің 115-1 бабына сәйкес, қудалау әрекеттері үшін жаза қарастырылған. Атап айтқанда, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Алайда, соған қарамастан, адамның артына түсу, хабарламалармен мазасын алу фактілері орын алып отыр. Мәселен, Түркістан облысында 8 қылмыстық іс қозғалған.

ГҮЛНАР ӘБДІЖАППАРОВА, ТО ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: «Түркістан облысы аумағында полиция сталкинг (азаматтарды жүйелі түрде қудалау) фактілеріне қарсы жүйелі жұмыстарды жүргізуде. Сонымен қатар аталған қылмыстың алдын алу мақсатында әрбір тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда аталған санат бойынша 8 қылмыстық іс тіркелсе, 6 іс сотқа жолданды. Құқық қорғау органдары тарапынан сталкинг фактілерін дер кезінде анықтау және жолын кесу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытында кешенді шаралар қабылдануда».

Мамандардың айтуынша, қудалаушының негізгі мақсаты жәбірленушіні толық бақылауда ұстап, оған тұрақты түрде үрей мен алаңдаушылық тудыру. Бұл тек физикалық аңду емес. Көп жағдайда ол үздіксіз хабарлама жазу, әлеуметтік желі арқылы бақылау, күтпеген жерден пайда болу сияқты әрекеттермен көрінеді. Ең алаңдатарлығы мұндай қудалаудың құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Нақтырақ айтар болсақ, еліміз бойынша сотқа 51 іс жолданған. Оның 36-сы бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

САМАТ АИСОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: «Ішкі істер министрлігі тарапынан ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Құқық бұзушылықтарды тіркеу және тергеп-тексеру тәртібі бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, қызметкерлерге арнайы оқыту шаралары өткізілді. Осы орайда азаматтарымызға үндеу жасағымыз келеді. Егер сіз, жақындарыңыз немесе таныстарыңыз заңсыз қудалауға тап болса, оны еш жағдайда елеусіз қалдырмаңыздар. Қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін дереу полицияға хабарлаңыздар».

Заңға енгізілген өзгерістер жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, мұндай әрекеттер көбіне көзге көрінбегенімен, психологиялық қысым мен қорқыныш тудырады екен. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда сталкингке қарсы заң 2025 жылғы 16 шілдеде қабылданып, құжат 16 қыркүйек айынан бастап, толық күшіне енді.

Нұргүл Жолымбетова