Úı ANONS Министрдің бұйрығы мен әкім қаулысы: Мектеп бітіру кешін өткізуге тиым салынды

Министрдің бұйрығы мен әкім қаулысы: Мектеп бітіру кешін өткізуге тиым салынды

Шымкентте мектеп бітіру кештеріне қатаң шектеу қойылды. Енді мейрамханадағы думанды кештерге, көлік шерулеріне, мұғалімдерге сыйлық жинауға тыйым салынады. Министр бұйрығы мен әкімдік қаулысы не үшін қабылданды? Бұл шешімге ата-аналар мен түлектер не дейді?  Шектеуді бұзғандарға қандай жаза қарастырылған?

 

Мектеп бітірушілерінің кешін өткізуге, мұғалімдер мен директорларға сыйлық алуға, автокөлік шерулерін өткізуге қатаң тыйым салынады. Бұл туралы қалалық білім басқармасы мен полиция департаменті  арнайы ескерту жасады. Жылдағыдай, әдеттегідей бітірушілер кешін өткізуге неге тыйым салынды? Бұл дұрыспа, бұрыс па? Шектеулер туралы қала тұрғындары не дейді?

 

«Дұрыс, небір балалар авария болып жатыр. Жас балалар өліп кетіп жатыр. Кәдімгі мектепте қоштасу мерекесін істесін, болды. Бешір-шешірдің керегі жоқ».

«Мейрамханада мүмкін емес шығар, керек емес шығар. Мектепте өте берсін».

«Негізі есте қалатын нәрсе ғой. Тойлағаны естелік болып қлады ғой негізі».

«Мектепті өмірде бір-ақ рет бітіреміз ғой. Дұрыс емес ол».

 

Оқушылардың бітіру кешіне қатысты Оқу-ағарту министрлігі арнайы бұйрық шығарған.  Оған қоса қала әкімдігі қаулы еткен. Министрдің бұйрығына сай ата-аналар комитетінің келісімімен  аттестат табыстау іс-шаралары тек мектеп ғимаратында немесе мектеп аумағында өтеді.

 

Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық алуға, мейрамхана, дәмхана, банкет залдарында кеш өткізуге, автокөлік шерулерін ұйымдастыруға, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартуға, таңды қарсы алу, табиғат аясында мерекелік жиындар өткізуге, ата-аналардан ақша жинауға жол берілмейді. Мақсат — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бітіру іс-шараларын қарапайым, тәрбиелік мәні бар форматта өткізу.

 

Шектеулермен ата-аналар таныс.  Бұған қоса прокуратура және полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын бастаған.

 

 

Полицияның мәліметінше, жаңа тыйымдар туралы кәсіпкерлерге, яғни мейрамхана, дәмхана иелеріне де ескерту беріліп жатыр. Мұны елемеген жағдайда оларға  заң талабына сай әкімшілік айыппұл салынады. Қазақстанда мектеп бітіру кешіне қатысты дау  сәуір айының басында шықты. Артынан Оқу ағарту министрлігі ішкі істер министрлігі және жергілікті әкімдіктер бірлесіп жалпы орта білім беретін мектептерде бітіру кештерін өткізуге тыйым салу туралы шешімге келгені белгілі болды.

Дилара Иса