Úı ANONS Шымкентте жалған кофе өндіретін цех анықталды

Шымкентте жалған кофе өндіретін цех анықталды

Әділет департаментінің қызметкерлері қолдан жасалған кофе өндіретін цехты анықтады. Бұл кофе түрі Шымкентте арзан әрі кеңінен сұранысқа ие. Контрафактілік өнім лас жағдайда, белгіленген талаптар мен құқық иесінің рұқсатынсыз өндірілген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Шымкентте көпшіліктің сүйікті «3уі 1-інде MacCoffee» өнімі антисанитарлық жағдайда, тікелей еден үстінде дайындалған. Жалған сусын өндіретін цех қаланың қоймаларының бірінде орналасқан. Контрафактілік өнім қолмен, ұнтақты пакетке салып, арнайы құрылғымен жапсыру арқылы жасалған. Құрамындағы ингредиенттер белгісіз.

МҰХТАР ӘБДЕЗОВ, ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ҚҰҚЫҚТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Тексеру барысында «MacCoffee» тауар белгісін заңсыз пайдалану арқылы жасалған 4 мыңнан астам контрафакт өнім анықталды. Сондай-ақ, олар өнімді сол жерде қаптап, термошов арқылы бекітіп, «MacCoffee» брендімен сатқан. Тауар санитарлық нормалар сақталмай және құқық иесінің рұқсатынсыз өндірілген».

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Жалған өнім жойылатын болады. Бұған дейін «MacCoffee» өнімін қолдан жасау фактілері тіркелгенімен, Шымкентте өндіру дерегі алғаш рет анықталып отыр.

МҰХТАР ӘБДЕЗОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ҚҰҚЫҚТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Ең көп қолдан жасалатын өнімдер — азық-түлік тауарлары. Біз 10 тонна майды тәркіледік. Сонымен қатар алкоголь өнімдері, кофе, тіс щеткалары, пасталар, ұнтақтар, автокөлік бөлшектері де жиі қолдан жасалады. Қазіргі таңда киім-кешек те көптеп жалған шығарылады».

Контрафакт өнімдер жойылып, кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылады. Мамандар ең алдымен өнімнің бағасына мән беруге кеңес береді — жалған тауар көбіне түпнұсқадан әлдеқайда арзан болады. Сондай-ақ қаптамасы мен өнім сапасына назар аудару қажет. Күмән туындаған жағдайда құқық иесіне немесе әділет департаментіне жүгінген жөн.

Ботакөз Әнуар