Түркістан облысы Келес және Ордабасы аудандарында тыйым салынған темекі дайындаумен заңсыз айналысқан екі ірі цех анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады. Темекі Қазақстанның барлық аймағына тұрақты әрі үздіксіз жеткізіліп, саудаланған. Негізінен Астана, Қарағанды, Шымкент және Павлодар қаласында тәркіленген.
«Тексеру барысында аталған объектілерден 1 млн. данадан астам тыйым салынған дайын өнім, 30 тоннадан астам темекі шикізаты, ароматизаторлар мен улы химиялық қоспалар, өндірістік арнайы жабдықтар, сондай-ақ 5 млн-нан астам қаптамалық пакеттер тәркіленді»
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің «Улы заттардың, сондай-ақ есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді немесе улы заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттардың, құрал-саймандардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы» бабымен іс қозғалған. Тергеу амалдарын Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, өткен жылы да аймақта темекі өнімдерін заңсыз жасырын өндірумен айналысқан ірі цехтың қызметін әшкерелеген еді.
Дилара Иса






