Сарыағаш қаласындағы орталық алаңда орнатылған жаңа жылдық шыршаны көлікпен қағып, құлатқан жүргізуші ұсталды. Бұл туралы полиция мәлімдеді. Әкімдік өкілдері шырша қалпына келтіріліп жатқанын және мерекелік шаралар белгіленген уақытта өтетінін хабарлады.
Әлеуметтік желіде Түркістан облысы, Сарыағаш қаласының орталық алаңында орнатылған жаңа жылдық шыршаны екі айналып барып соғып, құлатқан көлік жүргізушісінің әрекеті қызу талқылануда. Облыс әкімдігінің мәліметінше, шырша 19 желтоқсанда Сарыағаш қаласы әкімдігіне қарасты «Таза қала» мекемесі тарапынан орнатылған. Ал оқиға 23 желтоқсанға қараған түні болған.
«Сарыағаш ауданы, Сарыағаш қаласының орталық алаңында орнатылған жаңа жылдық шыршаның бүліну дерегі бойынша аудандық полиция басқармасы тарапынан тиісті шаралар қабылданды».
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ
Облыстық полиция департаменті оқиға дерегін растады. Полицияның мәліметінше, жүргізуші шыршаны соққаннан кейін оқиға орнынан бой тасалаған.
«Аталған ақпарат бойынша полиция қызметкерлері жедел түрде оқиға орнына барды. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камералары қосылған полицияның кіші басқару орталығы арқылы аумақтағы бейнежазбаларды толық зерделеді. Нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталды. Оған қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шара қолданылып, автокөлік айыптұраққа қойылды».
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Ресми мәліметке сәйкес, «ВАЗ-2105» маркалы автокөлік жүргізушісі шыршаны айналмақ болып, көлікті басқара алмай, соғып кеткен. Жас жүргізуші келтірілген шығынды өтеп, шыршаны қалпына келтіруге уәде берген. Қазіргі таңда орталық алаңдағы жаңа жылдық шыршаны қайта орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа жыл мерекесіне жоспарланған барлық іс-шаралар белгіленген уақытта өтеді.
Дилара Иса






