Түркістан облысында жекеменшік мектеп мұғалімдері үш айдан бері еңбекақысыз жүр. Бірінші тоқсанды бір тиын төлемақы алмай аяқтаған сарыағаштық ұстаздар аудан әкімдігіне барып, өз мәселерін тез арада шешуді талап етті. Қақаған суыққа қарамай жиналған мұғалімдердің жанайқайы туралы толығырақ сюжетте айтамыз.
Әкімдік алдына жиналған ұстаздар жергілікті басшылықты біраз уақыт күтті. Бірақ аудан әкімі сыртқа шыға қойған жоқ. Амалсыз ғимаратқа кірген ұстаздар, бірнеше айдан бергі қиындықтарын ашық жеткізді.
«Сіздердің балаларыңыз тоқ. Айлықтарыңызды алып жатсыздар. Біздің әкеміз де-шешеміз де сізсіз. Біз кімге айтамыз!?»
Ашынған ұстаздардың бірі – Гүлжан Тәшімбетова. Ол бірнеше айдан бері жалақының берілмеуі отбасылық жағдайына ауыр соққанын айтады. Тәжірибелі ұстаз тіпті, күнделікті тіршілік үшін сабақтан кейін қосымша жұмыс істеуге мәжбүр.
Гүлжан Тәшімбетова, Жекеменшік мектептің мұғалімі: «Көп балалы анамын. 2 студентім бар құдайға шүкір. Олардың барлығын бағу оңай емес мына заманда. Барлық нәрсе қымбаттап кеткен. Күндіз ақша болмағанның себебінен кешке қарай жұмысқа шығып жатырмыз. Қазір шыны керек бөтен номерлерді алмайтын жағдайға жеттік қой. Банктер деген басып қалды кредит алатын».
Қиындық тек мұғалімдерге ғана емес, жеке мектеп ашқан кәсіпкерлерге де тиіп отыр. Бұрын Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» арқылы қаржыландырылған мектептерге биыл бірнеше айдан бері қаражат түспеген. Мысалы, 700 орындық мектеп салған кәсіпкер Исақ Оспанов мемлекеттен 270 млн. теңгеден астам қаржыны ала алмай келеді. Тіпті оған 400-ге жуық оқушыға қаржыландыру тоқтауы мүмкін деген хабарлама түскен.
Исақ Оспанов, Жекеменшік мектептің құрылтайшысы: «400 бала қысқарғанда 400 балаға сәйкес 35-40 мұғалімді де қысқартуым керек. Солай істемесем не істеймін мен?! Қазірдің өзінде қарыз да, кредит төлеу керек. Пения жүріп жатыр. Біз өзі 4 жерден кредит алдық. Кеше енді айлық болмағанан кейін мұғалімдердің жағдайы болмай кредит алып аванс бердім. Мұғалімдерді ұстап қалу үшін».
Кәсіпкер бұған дейін несиемен мәселені жауып жүрсе, қазір олай жалғастыруға шамасы жоқ. Егер жағдай дәл осылай созыла берсе, біраз мұғалім мен қызметкердің жұмыссыз қалу қаупі бар.
Ұлжалғас Мелдеева, Жекеменшік мектептің бас аспазы: «Әкімшілікке барып жатырмыз. білім бөлімі басшысының орынбасарының алдына дейін шықтық. Барамыз 1 аптада мәлім болады, мәселе шешіледі дейді. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Мысалы мені қысқартса біздер қайда барамыз?! Жарты жолда қаламыз».
Ал аудан әкімі жағдайдың ушығуына қаржыландыру жүйесінің өзгеруі себеп болғанын түсіндірді. Бұған дейін республикалық деңгейде төленген қаражатпен қамту биылдан бастап жергілікті әкімдіктерге жүктелген.
Арман Абдуллаев, Сарыағаш ауданының әкімі: «Биылғы жылдан бастап ол жүйе өзгеріп жатыр. Енді қаржыны облыстық бюджеттен облыстық басқарма төлесін деген шешім қабылданған. Міне басқарма қазір түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бір қолдан келесі қолға өткенде барлығын АКТ-пен қабылдап алу керек қой. Прием передача деген болады. АКТ болады».
Құжаттарды қабылдау және тапсыру жұмыстарының қашан аяқталатыны белгісіз. Айта кетейік, Түркістан облысында 200-ге жуық жекеменшік мектеп бар, ал қаржының кешеуілдеуі олардың барлығына ортақ мәселе болып отыр.
Нұргүл Жолымбетова






