Úı ANONS Нұрай Серікбайдың ісі: Сот күдіктіні қамауға санкция берді

Нұрай Серікбайдың ісі: Сот күдіктіні қамауға санкция берді

Айуандықпен кісі қолынан қоғамдық орында пышақталып, қайтыс болған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне үдікті ретінде ұсталған жігітті сот қамауға алу туралы қаулы шығарды. Полиция марқұмның туыстары айтқан уәжге жауап берді. Қоғамды дүр сілкіндірген іске қатысты соңғы мәліметтер қандай? Полиция нені тексеріп жатыр?

Бүгін Шымкент қалалық тергеу соты қоғамдық орында 21 жастағы Нұрай Серікбайды бірнеше жерінен пышақтап, өлтірді деген күдікпен 28 жастағы жігітті 2 айға қамауға алу туралы санкция берді. Іс «Адам өлтіру» бабымен тергелетін болды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

«21 жастағы қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған кешенді тергеу-жедел іс-шаралары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты соттың санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды»

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

Марқұмның туыстары күдікті Нұрай Серікбайдың денесінің бірнеше жеріне пышақ салынғаны, бетін тіліп, мойнын осып жібергенін айтқан. Ол қазан айында бойжеткенді еркінен тыс алып қашқан. Бірақ оған қыз да, оның отбасы да келіспей, полиция көмегімен жігіттің үйінен алып кеткен. Бұл туралы полицияға арызданған, енді маңына жолмайтынын айтып уәде берген соң Нұрай Серікбай оған кешірім берген.

Дегенмен, күдікті ізінен қалмай аңдып, үйін торуылдап, қорқытып-үркітуін жалғастырған. Қызының қауіпсіздігін сақтау мақсатында полиция мен прокуратураға қайта арызданғанымен, әрекетсіздік танытты деген еді марқұмның туыстары.

Бұл мәлімдемеден соң әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылды. Дер кезінде көмек берілгенде, Нұрай аман қалар ма еді деп өкінгендер көп болды. Бұл туралы мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те пікір білдірді.

Қоғамдық пікір тудырған мәлімдемеге қалалық полиция департаменті бүгін жауап берді. Департамент арыздың түскенін растамады, жоққа да шығармады. Тек тексеру жүріп жатқанын хабарлады.

«Марқұмның туыстары келтірген барлық уәждер мен деректер бойынша тексеру жүргізілуде. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға берілетін болады».

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

Айта кетейік, 11 қаңтар күні кеште Шымкенттегі Қ. Төлеметов көшесі мен Т. Өтегенов көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолында 21 жастағы Нұрай Серікбайды кісі қолынан қаза тапты. Оны туыстары екі күннен кейін Төрткөл ауылында ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның жақындары әділдік іздеп, тергеудің бұрмаланбауын сұраған еді.

Дилара Иса